«Хабар» телеарнасы «1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі» күніне орай мерекелік эфир әзірледі. Мейрам күндері арна көрермендері қызықты бағдарламалар мен концерттік жобалар, көркем және деректі фильмдер тамашалайды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
30 сәуір күні сағат 10.30-да қазақ киносының алтын қорындағы жауһар туындыларымыздың бірі «Тақиялы періште» және 1 мамыр күні 10.30-да «Шабандоз қыз» картиналары көрсетіледі.
Сондай-ақ 30 сәуір күні сағат 14.00-де режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Алмас қылыш. Қазақ хандығы» фильмі, кешкі сағат 19.30-да Берік Айтжанов пен Жерар Депардье басты рөлдерді сомдаған, режиссер Ермек Шынарбаевтың «Дала дауысы» туындысы көрермен назарына ұсынылады.
30 сәуір күні сағат 21.30-ға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі»күніне арналған мерекелік концерт жоспарланған.
1 мамыр күні сағат 15.40-та Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмі беріледі. Драмада нәубет жылдарында Қазақстанға Қиыр Шығыс, Поволжья, Кавказ өңірлерінен жер аударылған халықтардың тағдыры, олардың бастан кешкен қиын-қыстау күндері мен қазақ халқына деген алғысы суреттелген.
Мереке күндері 40 жылға жуық халқын әнге бөлеген, қазақ өнерінің дарабоз әншісі Нұрлан Өнербаевтың «Жүректегі көктем» атты ән кеші (1 мамыр, 17.30), сондай-ақ қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Көктем әні» атты шығармашылық кеші де көрсетіледі (1 мамыр, 21.30). Айта кетейік, жуырда ғана Шәмші Қалдаяқовтың бұрын-соңды естілмеген, еш жерде орындалмаған жаңа әні табылды. Бұл - «Көктем әні» шығармасы. Композитордың шығармашылығына арналған кеште осы ән алғаш рет орындалып, «Хабар» арнасының көрермендері эфирлік нұсқасын бірінші болып көреді.