Астанада ескі алаңның алдында полиция қызметкерлері «Жер сатылмасын» деген жазуы бар плакат ұстаған бір адамды ұстап әкеткен. Полиция оның бейбіт жиын өткізу туралы заң бұзғанын айтты.
Астанада бүгін қауіпсіздік шарасы күшейтілген. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Бейбітшілік көшесін полиция қызметкерлерінің көліктері қоршап алған, ал оған жақын маңда жедел-жәрдем көлігі мен видео бақылау орнатылған микроавтобус тұр.
Мұндай қауіпсіздік шаралары Шымкентте де күшейтілді. Азаттықтың жергілікті тілшілері мұнда да екі адамның ұсталғанын хабарлайды. Ал жергілікті әкімдіктердің маңын полиция торуылдап жүр.
Айта кетейік, мамырдың 10-ында астаналық белсенділер Мақсат Ілиясұлы, Іңкәр Тиштыбаева, Раушан Торбаев және Әбдуәлі Тағай 21 мамырда жердің сатылуына қарсы бейбіт митинг өткізу туралы жергілікті билікке өтініш берген. Олар 2016 жылғы «жер шерулеріне» түрткі болған негізгі мәселе – ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатпау және ұзақ мерзімге жалға бермеу туралы жұртшылықтың билікке қойған талаптары орындалмай, биыл сәуірде парламент мақұлдаған жер туралы заң жобасында даулы нормалардың өзгеріссіз қалғанына наразы екендерін айтқан. Ал Астана әкімдігі өткен аптада белсенділерге бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді.