Өскеменде ақындардың арасында дуэль өтті

/uploads/thumbnail/20180605170602348_small.jpg

Өскеменде жас ақындар арасында форматы ерекше жыр додасы өтті. Дуэль үлгісінде өткен сайыста ақындар Астананың 20 жылдығын өлеңге қосты.

Облыстық «Шабыт» ақындар клубы мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ұйымдастыруымен, Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткен додаға төрт жұп ақын қатысты. Жарыс шарты бойынша кезектесіп өлең оқыған жұптардың үздігін қазылар алқасы анықтады. Осылайша жиыны сегіз ақыннан іріктеле келе екі үміткер ақтық айқасқа өтті.

«Шабыт» ақындар клубының жетекшісі Қызырбек Дүргінбайұлының айтуынша, бұл шара Шығыстағы талантты шайырларды жалпақ жұртқа интернет арқылы таныту мақсатында ұйымдастырылған.

-Додаға түскен сегіз ақынның көбі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері. Білім ордасы жуықта ғана жас журналистерге арнап ашылған телерадио кешенін ұсынып, дуэльді бастан-аяқ түсіріп алуға жағдай жасап отыр. Келешекте түсірілім алаңында қойылған сайыс интернет арқылы қалың оқырманның назарына қойылады. Жас ақындарды ынталандыру үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бағалы сыйлықтар ұсынды, — дейді ол.

Өлеңнің қозы жауырын жебесін қарша боратып, қарсылас шақ келтірмеген Тасқын Қалибеков сайыстың бас жүлдесін жеңіп алса, Оразай Жеңісұлы бірінші орыннан көрінді. Екінші орын Дәулетберді Жекейұлына, үшінші орын Балауса Мэлсқызына бұйырды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи