Даниал Ахметов: «Волейболдан Әлем чемпионатын да өткізуге дайынбыз»

/uploads/thumbnail/20180606094804679_small.jpg
Шығыс Қазақстан облысы волейболдан Әлем чемпионатын да өткізуге дайын. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынатын кезекті, ХХІ халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатында аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

– Біздің облыстан көптеген республикалық және халықаралық жарыстардың, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері шыққан. Олардың ішінде Ольга Рыпакова, Айбек Нұғымаров, Денис Уланов пен Алексей Полторанин сияқты саңлақтар бар. Облыста бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңір тұрғындарына үш мыңнан астам спорттық нысан мен секциялар қызмет көрсетуде. Шығысқазақстандықтардың спорттың 94 түрімен, оның қырқы  — Олимпиадалық спорт, айналысуға мүмкіндіктері бар. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстанатын жерлестеріміздің қатары көбейе түсті. Биылдың өзінде ғана спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстардан 682 медаль алып қайтты. Саңлақтарымыз алдағы байрақты бәсекелерде де намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Ал өз тарапымыздан өңір спортына бұдан былай да жан-жақты қолдау көрсете беретін боламыз, – деген облыс әкімі осымен 21-ші рет өткізіліп отырған халықтық ойындарға қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі. 

Аймақ басшысы өз сөзінде аз уақыттың ішінде облыс мақтанышына айналып үлгерген «Altay athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубы мен «Алтай» волейбол клубының жетістіктерін атап өтті. Биыл осымен екінші рет волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатын қабылдағалы отырған Шығыс Қазақстан облысының болашақта Әлем біріншілігін де өткізуге қауқары жететінін мәлімдеді.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, фристайлшы Юлия Галышеваға да ерекше құрмет көрсетті. Төрт жылдықтың басты додасында ел қоржынына жалғыз жүлде салған Юлия өңір басшысы мен демеушілер атынан бір бөлмелі пәтер, 16 миллион теңгенің сертификаты және «Пежо» маркалы сужаңа автокөліктің кілтіне ие болды. Сонымен қатар марапаттан Галышеваның бапкері Елена Круглыхина мен Оңтүстік Кореядағы Олимпиада ойындарына қатысқан тағы бір фристайлшы Павел Колмаков та құр қалған жоқ. Олардың екеуіне де қызметтік пәтердің кілттері табыс етілді.

Дәл осыдан кейін Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне жиналған спорт сүйер қауымның назарына тамаша концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ жанкүйерлер халықтық ойындарға қатысушы командалардың салтанатты шеруін тамашалап, т-рт күн бойы жарысатын спортшыларға қошемет көрсетті.

Айта кетейік, биылғы спартакиада бағдарламасына 20 спорт түрі енгізіліпті. Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған жасы 18-ден асқан спортшылар 170 медаль жиынтығын сарапқа салмақ.

Оставить комментарий

Связанные Статьи