Алакөл демалыс аймағының инфрақұрылымын дамытуға үш жылда 4,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы көл жағалауындағы демалыс базаларының жазғы маусымға дайындығын тексерген облыс әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.
Сапар барысында аймақ басшысы жергілікті Арбат пен көл жағалауындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Атап айтқанда, маусымаралық үзіліс кезінде мұнда жаңа орындықтар мен гүлзарлар, алып АЛАКӨЛ жазуы сияқты дүниелер пайда болған. Жерге тратуарлық плиталар төселген. Қазір Арбаттың орталық бөлігінде субұрқақ құрылысы жүргізілуде. Бір жылдың ішінде әжептәуір жаңаланған көл жағалауындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс әкімі атқарылған шаруаға көңілі толатынын жеткізді. Дегенмен біраз сын да айтылды.
– Кейбір демалыс базалары ғимараттарының сыртқы келбетін өзгерту керек. Бұл жердегі базалар мен мейрамханалардың барлығы сәулеттік стилі жағынан ұқсас болуы тиіс. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптары қатаң сақталуы шарт, – деген облыс әкімі биыл Алакөл жағалауының бас жоспары әзірленетінін де жеткізді.
Оставить комментарий