Семейде «CINEMA CUP II» турнирінің жеңімпаздары анықталды

/uploads/thumbnail/20180606123533522_small.jpg

Қаламыздағы Семей мемлекеттік медицина университетінде «Салауат» дебат клубының тікелей бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай «CINEMA CUP II» ашық аймақтық пікір-сайыс турнирі өтті. Тартысқа толы додаға жалпы саны 20-ға жуық фракция қатысып, өз араларында кіл мықтыларды анықтады.

Турнирдің іріктеу раундтары Британдық Парламенттік форматында (БПФ) өтсе, финалдық ойындар Америкалық Парламенттік форматында (АПФ) ойнатылды. Бұл пікір-сайыс додасының өзге турнирлерден ерекшелігі — тақырыптардың барлығы кинодағы қызықты оқиғалар желісінен құралған.

Жарысты қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырушылар 1 апта бұрын «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «CINEMA CUP II» деген атаумен арнайы топ ашып, турнирде ойнатылатын 9 фильмнің толық нұсқасын жүктеп, қысқаша ақпараттармен бөлісіп отырған болатын.

Әрбір раундта сөзді бірде салқындатып, бірде оттай жалындатып, тапқырлықпен сөз суретін салған пікірсайысшылар көптеген қызықты қарарларды ортаға салып, фильмнің басты кейіпкерлерлерінің образына толыққанды кіре алды.

Сонымен көптен күткен жеңімпаздар тізіміне көз жүгіртетін болсақ, «Салауат» пікір-сайыс ордасының намысын қорғаған «Рошарх» фракциясы : Нұрбақыт Исахан мен Нұрай Масалим жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, кубокты қанжығаларына байлады. Ал, ойнау стильдерімен ерекшеленген қаламыздағы «Конгресс» интеллектуалды дебат клубының «Огьст Люмьер» фракциясы мен осы клубтың жас буындары Мират Рүстемұлы мен Наргиз Аймухаметова жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, төрт раундтың көрсеткіші бойынша ең жоғары ұпай жинаған 8 спикер арасында Линкольн-Дуглас (ЛД) форматында үздік өнер көрсеткен Данияр Бейсембеков болса «Ең үздік спикер» номинациясын жеңіп алды.

Связанные Статьи