9 мамыр күні таңертең әдеттегідей Өскемендегі Өзен вокзалының маңына қала тұрғандары жинала бастады. Соңғы бірнеше жыл көлемінде Ертіс жағалауымен шеру тартып, аталарының суреттерін көтеріп шығуды әдетке айналдырған қалалықтар биыл да «Мәңгілік полк» деп аталатын жиынға келді. Орысшасы «Бессмертный полк» болған соң біз оны «Мәңгілік полк» деп қазақшаладық, алайда, көшенің көлденеңіне бірақ жететін ұзын плакатта бұл «Даңқ полкі» деп жазылыпты. Қандай полк болса бұл акцияның екінші дүниежүзілік соғыста шейіт болған боздақтарды еске алуға бағытталғаны белгілі. Ең бастысы бұл акция соңғы жылдары бұқаралық сипат алып, шеруге еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қатысатын болып жүр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шеруге де 10 мыңнан астам адам жиналған. Таңертеңгі сағат 10-00 шамасында Өзен вокзалынан қозғалған қалың жұрт Ертіс жағалауымен Даңқ мемориалына қарай бет түзеді.
Колоннаның басында ШҚО мәдениет басқармасының үрлемелі аспаптар ансамблі салтанатты әскери әуендер ойнап, акцияға ерекше көңіл-күй беріп келе жатты. Сонымен қатар облыстық ІІД, ТЖД сияқты мемлекеттік құрылымдар мен әкімдік қызметкерлері де шеруде сап түзеді.
Қала тұрғындарымен бірге мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қала әкімі Қуат Тұмабаев бастаған облыс және қала басшылығының өкілдері де алдыңғы қатардан көрінді.Облыстық мешіттің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы мен Өскемен қаласының епископы Амфилохий шеру сапында болды.
Өскемендіктер Славский жағалауының бойымен қозғалды, жол бойы шерушілер саны толығып, көбейе түсті. Сурет көтерген халықтың басы Стрелкаға жеткенде аяғы Өзен вокзалынан енді ғана жылжыған болатын.
Өскемен қаласының тұрғыны Азамат Ыдырышев өзінің атасы Ахат Ыдырышевтың ерлігі туралы айтып берді. Атасы 1941-1945 жылдар аралығында соғысқа бастан аяқ қатысқан екен.
-Атам Берлинге дейін барып, бүкіл Еуропаны жаяу шарлап қайтыпты. Оның ерлігін біз жанұямызбен мақтан тұтамыз. Жыл сайын атамыздың суретін көтеріп осы шеруге қатысатын болып жүрміз. Ұлымның да есімі Ахат. Міне оның кеудесіндегі медальдар сол атамыздан қалған. Енді үлкен атасының медальдарын кішкентай Ахат тағып жүр,-деп Азамат өз ұлының кеудесіндегі медальдарды көрсетті.
Оставить комментарий