Өскеменде дзюдодан КСРО-ның спорт шебері Талғат Ақтаевты еске алуға арналған ашық ел біріншілігі өтіп, оған 23 жасқа дейінгі 300-ге жуық спортшы қатысты.
Біріншілікте қазақстандық дзюдошылармен қатар, Ресей мен Қырғызстаннан келген татами шеберлері де өнер көрсетті. Екі күнге созылған бәсеке қортытындысы бойынша шығысқазақстандық спортшылар қоржынға жеті жүлде салды. Атап айтсақ, Ғабит Дәулетбаев 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде және Жасұлан Мұхаметханов (100 келіге дейін) барлық қарсыласын тізе бүктіріп, жарыс жеңімпаздары атанса, 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айдана Бұғылбаева мен Евгений Кияшкоға (100 келі дейінгі салмақ) күміс медальдар бұйырды. Қола жүлдеге Дәурен Дулатов (81 келіге дейін), Алмас Акрашев (90 келіге дейін) пен Аян Рамазанов (100 келіге дейін) иелік етті.
– Бұл додаға тыңғылықты дайындалдым. Қарсыластарымның бәрі мықты болды. Алайда дегеніме жеттім. Барлық жетістігім жақындарымның, бапкерлерім Думан Бұлғынбаев пен Бақытбек Дуановтың арқасы, – деді жарыс жеңімпаздарының бірі, Өскемендегі Дзюдо орталығының тәрбиленушісі Ғабит Дәулетбаев.
Айта кетейік, Ғабит осыған дейін бірнеше республикалық және халықаралық жарыстың жүлдегері атанып үлгерген. Ол, сонымен қатар дзюдодан еліміздің спорт шебері атағына да ие.
Ал жарыс қорытындыларына келер болсақ, жалпыкомандалық есепте Алматы облысының құрамасы топ жарса, екінші орынға атыраулық дзюдошылар ие болды. Біздің жерлестер, Шығыс Қазақстан облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Оставить комментарий