Барлығымыз білетіндей әр демалыс сайын Семей шаһараында бірқатар ауылдық елді мекендер қала тұрғындарына еш қоспасыз ауылдың табиғи тағамдарын халыққа қолжетімді бағада ұсыну мақсатында көптеген жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді.
Осындай жақсы үрдіс кеше де жалғасын тауып «Северный» сауда логистикалық орталығында Абыралы, Жазық, Приречный және тағы да басқа ауылдық округтердің қатысуымен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Семей өңіріне қарасты 16 ауылдық округінен жеткізілген қымыз, ет, сүт өнімдері төмен бағада саудаланды. Таңертеңнен жәрмеңкеге асыққан адамдардың қарасы қалың болды. Халыққа ұсынылған азық-түліктің бағасы да базардағыдан біршама арзан болғандықтан, барлық әкелінген тамақтар жарты сағат өтпей жатып тез арада сатылып кетті. Мәселен, таңертең ерте келген Семей жұртшылығы қой етінің 1 келісін 1300-ден, сиыр етін 1400, ал жылқыныкын 1500 теңгеден сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
— Біз жыл сайын осындай жәрмеңке әр жексенбі және сенбі күндері өтетінін таңыстарымыздан жиі еститінбіз. Ал, бүгін күйеуіміз екеуміз арзан бағада ет сатып алу үшін келдік. Барлық тағамдардың бағасы өте жақсы, қарапайым тұрғындарға қолжетімді деп ойлаймын. Егерде келесі жолы тағы да ауылдық округтердің жәрмеңкесі өткізілетін болса, міндетті түрде келетін болып шештік, — дейді қала тұрғыны Райхан Айтқожина.
Оставить комментарий