Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысы сапар барысында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру жұмыстарымен танысады.
Өңірге барған Бақытжан Сағынтаев ең алдымен «Есіл Агро» ЖШС сүт-тауар фермасы мен егіс алқаптарын аралады. Мұнда ол ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық ерекшеліктерімен және кәсіпорынды одан әрі дамыту келешегімен танысты.
Бақытжан Сағынтаев сүт фермасын аралау кезінде кәсіпорынның өндірістік үдерістерімен және дайын өнімдер көрмесімен танысты. Үкімет басшысына өндірістік қуаттылықты 2 есеге дейін ұлғайту және сауын табынын 2 400 басқа дейін жеткізу жоспары туралы ақпарат берілді.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев «Есіл Агро» ЖШС егістігіне барып, онда Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның егін жағдайы туралы баяндамасын тыңдады.
Еске сала кетейік, Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барып қайтты.