Атырауда ашаршылық жылдары елді аман алып қалған біржылдық шөптесін өсімдік құмаршыққа және халықаралық әуежай алдында Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнату туралы ұсыныстар жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапты, - деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да, зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді» деген болатын.
Айқын газеті жариялаған мақаладағы ақпаратқа сүйенсек, Соғыс біткеннен соң, жарты ғасырдан астам уақыттан соң, қанатты қыздың отаны – Қазақ елі ұшқыш қыздың ерлігін Халық қаһарманы атағымен бағалады. Одан кейін де ескерусіз қалған қаһарман қызды ұлықтау 2012 жылы жалғасты. Туған жерінде Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанова есімін беру туралы бастама көтеріліп, бастамашыл топтың ұсынысы Үкіметке де жетті. 2013 жылы осы бастама негізінде «ЭйрАстана» әуе компаниясы алғашқы жекеменшік ұшағына Х.Доспанова есімін берді. Атырау облысында Халық қаһарманы Х.Доспанова есімі мектепке, ауылға, көшеге берілді. Батыр қыздың әскери күнделігі екі тілде құрастырылып қайта жарыққа шықты. Дегенмен де халық пен бастамашыл топ мүшелері қайсар қыздың туған жеріндегі әуежай алдына еңселі ескерткіші тұрса деген ұсыныстарын үздіксіз мәселе етіп көтеріп келеді. Бұл ұсынысты аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев қолдап, арнайы комиссия құрылып, ескерткішке конкурс жарияланды.
Ұшақ тұғыры граниттен және граниттен жасалған алтын жұлдыз – «Халық қаһарманы» Хиуаз апамыздың тәуелсіздік жылдары ерлігінің бағаланғанын айқындап тұр. Қоладан құйылатын ескерткіштегі батыр Хиуаздың мүсіндік бейнесінің ұзындығы – 1м 20 см. Ескерткіштің екі жағында самолеттің желтартқышы бейнеленген. Олардың ұзындығы 4 метр болып, адамдар отырып демалатын жайлы орындық болып орналасады. Аспаннан қарағанда да жақсы көрінеді. Астыңғы тұғыры да таза граниттен бейнеленген. Ескерткіштерді сараптау комиссия құрамы, Хиуаз Доспанованың мүсіндік бейнесінің соғысқа аттанған бойжеткен қалпын сақтап, көрген адам мүсіннен қазақтың қайсар қызының айнымайтын бейнесін көре алатындай жобаны таңдады.
Қазақтың даңқты батыр қызының бірі де бірегейі - Хиуаз Қайырқызы Доспанова. Ол - Гурьев облысының Құрманғазы ауданында 1922 жылы дүниеге келген. Негізі, аты құжат бойынша Хыйуаз деп жазылған. Орта мектепті Орал қаласынан бітіреді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аэроклубқа қатысып, ұшқыш кәсібінің алғашқы дайындық сатыларынан өтеді.
Хиуаз білім іздеп Мәскеу қаласына жол тартады. Дәм бұйырып, Мәскеудің 1-ші медициналық институына оқуға түседі. Содан соғыс басталған кезде елге бармай, Мәскеуде «Метростройда» жұмыс істейді. Бір күні атақты Марина Раскованың қыз-келіншектердің авиаполкін құрғалы жатқанын естіп, алдыңғылардың бірі болып тілек білдіреді. Тілегі қабыл болып, Саратовтың әскери әуе училищесіне оқуға жіберіледі. 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Бұл негізінен түнгі мезгілде жау позицияларын бомбалайтын авиаполк болады. Өздерінің әскери аэродромнан 300 рет ұшып, жауға бомба жаудырған екен. Штурман болып 3 рет қатты жараланады. Олардың кішкентай ұшағын немістер «Түнгі мыстандар» деп атайтын, ал бұл ұшақтан жаудың зәре-құты қалмаушы еді.
Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», 1-ші, 2-ші Дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталып, бейбіт өмірде жасаған қызметі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, бірнеше медалдармен марапатталған.
Оставить комментарий