Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысында біраз нысан бой көтереді

/uploads/thumbnail/20171116110025784_small.png

Елбасының халқына арнаған Жолдауында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындауда Атырауда да бірқатар жұмыстар атқарылуда, деп жазады qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау газеті таратқан ақпараттарға сүйеніп. 

 Сәнді ойын-сауық кешендері мен бизнес орталықтарының, көп қабатты тұрғын үйлердің ғимараттарын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көшелерді кеңейту, абаттандыру, жарықтандыру ісі қала орталығымен қатар, қала маңындағы ауылдарда да жалғасын тауып отыр.

Тәуелсіз елдің ертеңі – жастар қолында. Ендеше олардың спортпен көбірек шұғылдануына, шығармашылық бағытта шыңдалуына, тұрғындардың мәдени-демалысын ұйымдастыруға баса назар аударылған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда Атырау, Ақсай ауылдық округтерінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Бағдарлама аясында қала орталығында «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен «Ретросаябақ» пайдалануға берілді. Жұмыскер шағынауданында мәдениет үйі өз көрермендеріне есігін айқара ашты. Аталған нысандар қала көркіне көрік қосып қана қоймай, атыраулықтар мен қонақтар үшін тамаша демалыс орындарының біріне айналды.

Сонымен қатар, Еркінқала, Ақжар, Жаңаталап ауылдарында типтік үлгідегі мәдениет үйлерінің құрылысы жалғасса, Елорданың 20 жылдық мерекесіне орай Томарлы ауылында салынған 400 орындық келбетті мәдениет үйінің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарына ерекше сый болмақ.

Елбасы мен Тәуелсіздік және Елбасы мен Астана ұғымдары – бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар. Елбасының ерен еңбегімен Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздің өзге өңірлері сияқты мұнайлы астана да шырайлы шаһарға айнала бастады. Қаланың ежелгі тарихи атауы қайтарылып, «Атырау» қаласы болып аталды. Еркіндік пен тәуелсіздіктің жолында қол бастаған Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды батыр да ақын, дауылпаз күйші бабаларымыздың есімдері қос ауданға берілді. Қос атқа қатар қонған батыр бабаларымыздың құрметіне облыс орталығында қоладан құйылған ескерткіш мүсіндері орнатылды.

Қарқынды дамыған жас мемлекетіміздің әр жылы тарих қойнауына ерекше оқиғалармен енді. Қаланың сәулеттік келбетіне көрік берер бірнеше ескерткіштер мен мемориалдар, кіші-сәулеттік нысандар салынды. Тек қана соңғы жылдардың өзінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Жеңіс» саябағында майдан даласынан оралмаған 27 мыңнан астам боздақ бабаларымыздың есімі жазылған «Естелік тақта» мемориалы ашылса, ауған, тәжік-ауған жеріндегі соғыста жанқиярлықпен қаза тапқан ержүрек ұлдарымызға арналып ескерткіш тұрғызылды. Мемлекеттік Гимн авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға ескерткіштер орнатылды.

Елбасының бағдарламалық мақаласы көптеген игі істерге жол ашып, жаңаша серпін берді. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген халық даналығын ұстанған облыс, қала басшылығы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеуге арнал-ған, Отанын, ұлтын сүюге, ұрпақ тәрбиесіне ерекше әсер беретін шараларға үлкен мән беріп, айрықша қолдау көрсетіп келеді. Облыс және шаһар халқымен өткен кездесулерде айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескеріп, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың кіші-сәулеттік мүсінін, ұлт руханиятының айтулы тұлғалары, Қазақстанның Халық жазушылары Әбу Сәрсембаев пен Хамит Ерғалиевке, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәулескер күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровқа арнап ескерткіш орнату қолға алынды.

 

Оставить комментарий

Связанные Статьи