Алматыда грузиялық белгілі кескіндемешінің жетекшілігімен зағип суретшілердің көрмесі өтті.
Грузиндік көркем сурет шебері Георгий Гураспашвили Алматыдағы зағиптар қоғамында болып, ондағы таланттардың шығармашылық көрмесін ұйымдастырды.
«Мен көркем сурет Академиясында 15 жыл бейнелеу өнерінен сабақ бердім. Сонда менің бір студентімнің көзі көрмей қалды. Біз оның бұл өнерін әрі қарай жалғастыру үшін жол іздедік. Мұнда өзіммен бірге көзі көрмейтін суретшілерге арналған бағдарламамды ала келген едім»,-дейді Георгий Гураспашвили.
Студентінің басына түскен қиын жағдайдан кейін ол ұзақ ізденеді. Зағиптар әлемін зерттеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың сурет салуына жағдай жасауды ұйғарады.
«Біз бір-бірімізге әрдайым көмектесеміз, үйретеміз. Суретшілерде осындай жазылмаған заң бар. Әр шебердің өз қолтаңбасы бар. Сол арқылы түйсігіндегіні кенепке түсіреді. Осыны зерттей келе Грузияда зағип суретшілер одағын құрдық. Ерекше жандарға арнап оқыту әдістемесін жасадық. Олар арнайы кенепті құралдың көмегімен тырнайды. Соның ізімен бояу жүргіземіз. Нәтижесінде сурет пайда болады»,-деді грузиндік суретші.
Алайда суретші Қазақстанда зағип суретшілер одағын құру үшін шенеуніктермен кездесе алмағанына қынжылады.
«Алматыда сурет салуға құштар жандарды кездестірдім. Олар менің қалуымды өтінді. Бірақ қаржылай мүмкіндігім жоқ»,-дейді ол. Суретші көзі көрмейтін таланттарды іздеп, әлемді аралаған.