Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен 2018 жылдың 03 тамызында Алматы қаласында «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» атты лингвистикалық семинар өтті.
Аталмыш семинарға ҚХР Орталық ұлттар университеті Аз санды ұлттар филологиясы Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің профессорлары Жаң Диңжиң мен Мей Доң Сия және докторант Уи Ди, сондай-ақ, Ирандағы Алламе Табатаби университетіне қарасты Түркология бөлімінің басшысы Бехруз Бекбабайы мен Массачусетс штаты Кембридж қаласы Гарвард университетінің докторанты Алекс Уарбуртон қатысты.
Қазақ тілінде баяндама жасаған шетелдік ғалымдар қазақ тілін ғылыми тұрғыдан зерттегісі келетіндерін айта келе, латын әліпбиіне көшу – оңтайлы шешім болғандығын атап өтті. Сонымен бірге, түрколог Бехруз Бекбабайы өзі басқарып отырған Түркология бөлімінде қазақ тілін үйретуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.
Семинарда Қазақстанның мемлекеттік тілінде тіл білімі саласындағы өзекті мәселелерді қамтып, латын әліпбиіне қатысты құнды баяндама жасағандары үшін шетелдік ғалымдарға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының атынан арнайы сертификат пен алғыс хат табысталды.
Қуаныш Жұмабек
Оставить комментарий