Соңғы уақыттарда халыққа қызмет көрсету орталықтарында бірқатар жаңашылдықтар орын алуда. Ондағы мақсат – халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, әрі қолжетімді ету. Ол үшін ХҚКО кеңселерінде оңтайландыру жұмыстары жүріп, барлық процестер автоматты жүйеде жүргізілуде. Мәселен, цифрлық, миграциялық және мамандандырылған ХҚКО-лардың ашылуынан халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарып жатыр. Цифрлық ХҚКО-лар халықтың цифрлық сауаттылығының артуына ықпал етті. Айтулы оқиғаның арқасында мемлекеттік қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ, онлайн форматта алуға қол жеткіздік. Бұл өз кезегінде уақыт пен қаржы үнемдеуге айтарлықтай көмегін беруде (бұрын кеңсеге келіп кезекке тұру керек болған). Ал миграциялық ХҚКО-лардың ашылуынан көші-қон процесі жеңілдеп, елімізге келуші шетел азаматтарының құжатын рәсімдеу санаулы сағаттарға ғана созылатын болды (бұрын 4-5 күн кететін). Бұл жағдай еліміздің туристік потенциалы мен экономикалық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Осы салаларға қатысты және Маңғыстау облысындағы ХҚКО-ның қызметімен танысу үшін Байжігіт Ербол Бердібайұлымен әңгімелескен едік.

Облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында электрондық қызметтер қалай жүргізіліп жатыр?
ХҚКО-лар арқылы 600 астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 447-сі электрондық форматта орындалады. Ол қызметтерді egov.kz порталы арқылы алуға болады. Облыс бойынша 3 мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Олар айына 2 рет шалғай аудандарға шығып, мемлекеттік қызмет көрсетіп, электронды-цифрлық қолтаңбаларын береді. Яғни, электронды нұсқада мемлекеттік қызметті қалай пайдалану керек, қалай өз-өзіне қызмет қылуға болады соның барлығын айтады. Осы мақсатта тұрғындарға оқыту жұмыстарын жүргізудеміз.
Жылдың басынан бері барлық аудандарда мемлекеттік қызметтің жәрмеңкесі өткізілді. Бірқатар шаралар ұйымдастырылып, электрондық қызметті насихаттау жұмыстары жүргізілді. Айта кететін жайт, облыстық ХҚКО филиалдарының бәрінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары бар. Осы арқылы тұрғындарға цифрлық сауаттылықты үйретудеміз.
Цифрлық сауаттылық жөнінде айтып өтесіз бе? Цифрлық ХҚКО ашылды ма өңірде?
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында
2018 жылғы маусым мен тамыз аралығында халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін көтеру мақсатында «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» оқу бағдарламасы жасалды. Ол бойынша Маңғыстау облысында оқыту кестесі құрылып 5000 адамды оқыту жоспарланған болатын. Осыған сәйкес, 360 тренер даярланып, оқытылды.
Қазіргі таңда өңірдегі қанша тұрғынды цифрлық сауаттылық тұрғысынан жоғары деп айта аласыз?
Негізінде 3 жыл бұрын өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылғаннан соң адамдардың цифрлық сауаттылығы арта бастады. Мұндағы мақсат – келген адамды өзіне мемлекеттік қызмет түрін алуға үйретіп, көрсету болып табылады.
Ал, egov.kz, mgov.kz мобильдік қосымшасын пайдалану бойынша оқыту жұмыстары да атқарылған болатын. 2018 жылдың қаңтарынан бастап 7750 адамға оқыту сабақтары өткізілді. Connection point арқылы қаңтар-маусым айы аралығында 179 165 қызмет көрсетілді.
Мамандандырылған ХҚКО-лардың қызметі қандай? Жүргізуші құжатын аз уақытта алуға жәрдемдесті дейді. Сіз соған келісесіз бе? Қанша сағатта жүргізушілер құжаттарын ала алатын болды?
Қазіргі таңда 2 сағаттың ішінде жүргізуші құжатын алуға болады. Бұрын көп уақыт кететін, бүгінде бұл процесс автоматтандырылғандықтан аз уақыт жұмсалуда. Жеңілденген себебі – бұрын дәрігерлік тексерістен өту керек болатын. Жүргізуші құжатын ауыстыру қажет болса мерзімі өтсін не өтпесін міндетті түрде дәрігерлік тексеруден өтетін еді. Қазір мұны алып тастады. Бұл өз кезегінде біраз жеңілдік сыйлады. Сондай-ақ, жүргізуші құжатын Электронды үкімет порталы арқылы да үйден шықпай-ақ электронды форматта ауыстыруға болады. Бастысы – мерзімін өткізіп алмаса болды. Мамандандырылған ХҚКО өңірде 2013 жылы ашылған болатын. Тағы да айта кетерлігі, көлікті сату, сатып алу, тіркеу жұмыстарының барлығы электронды форматқа көшті. Яғни, egov.kz порталы арқылы үйден шықпай-ақ осы қызметтерді алуға болады.
Аудандардағы, ауылдардағы жағдайлар қалай? Оның барлығын қалай қадағап отырасыз?
Облыс бойынша 10 халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімдері бар. Біздің барлық филиалдарымызда мониторинг бөлімі қызмет етеді. Сол арқылы бақылау жасап отырамыз. Одан қосымша Астана қаласында ситуациялық орталық пен бірыңғай ақпараттық ХҚКО бар. Сол орталықтар арқылы толықтай бақылап отырады. Ол келген адамның талон алғанынан бастап, қанша минут кезек күтті, қанша минут құжатын қабылдады, кім қабылдады, қандай құжаттар қабылданды осының барлығы назарда болады. Барлығы автоматтандырылған.
Электронды цифрлық қолтаңбаны алуға қанша уақыт кетеді?
Ол үшін 15-20 минут уақыт кетеді. Электронды-цифрлық қолтаңбаның мерзімін портал арқылы ұзартуға болады. Ал мерзімін өткізіп алса кеңсемізге келуіне тура келеді. Бүгінде берілген электрондық цифрлық қолтаңбалардың саны – 100 177.
Білуімше, ХҚКО-ның мамандарын бағалауға болады екен. Осы функция жөнінде айтып кетсеңіз?
Иә, мұндай функция бар. Ол арқылы тұрғындардың біздің мамандарды бағалауын көре аламыз. Нашар баға берсе оған қызмет көрсеткен өкіліміздің кім екенін автоматты түрде біліп, неліктен олай болғанын анықтаймыз. Сол бойынша толықтай жұмыс жүргізіледі. Тәртіптік жазаға дейін тартылады. Дегенмен, халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің 99 пайызы өз ризашылықтарын білдіруде. Одан басқа, орталық аппарат мемлекеттік қызметтің сапасын білу үшін әр жылда мониторинг жасап отырады.
Тағы қандай жобаларды жоспарлап отырсыздар?
Ағымдағы жылдың соңына дейін цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. Осыған байланысты әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, ғимарат берілді. Ол Ақтау қаласында ашылатын болады. Сонымен қатар, миграциялық ХҚКО-ны ашуды көздеп отырмыз. Осы ретте әкімдік пен ІІД-мен жұмыс жүргізудеміз.
Халыққа қызмет көрсетуде цифрландырудың алар орны қандай? Жұмысты жеңілдете ме, уақытты қысқарта ма осы бойынша айтып берсеңіз?
Иә, әрине орны өте жоғары. Біріншіден, халыққа қызмет көрсету орталығана адам көп келеді. Жұмыс процесі автоматтандырылған соң қызметкердің жұмысы жеңілдейді. Пайдасы орасан зор.
Сарапшылардың айтуынша, цифрландыру сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтады. Мамандырылған ХҚКО-лардың ашылуына байланысты жемқорлыққа қатысты өзгерістер болды ма? Әсер етті ме?
Бұл жердегі қазір барлығы автоматтандырылған. Енді халыққа насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұрын тікелей байланыс болған еді, ал қазір ондай жоқ. Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жемқорлық фактілері жоқ.
Egov.kz порталының аудиториясы кімдер? Егде жастағы адамдар көбірек пайдалана ма? Әлде жастар ма?
Барлығы пайдаланады. Жастар да, үлкендер де барлығы қолданады. Келген адамның барлығы жақсы деген бағаларын беріп жатыр.
Қандай цифрлық технологияларды қолданасыздар?
Бейнебақылау құрылғыларын, электрондық кезекті қолданамыз. Мамандандырылған ХҚКО-да адами фактор жоқ, бәрі автоматтандырылған. Жалпы халыққа қызмет көрсету орталықтарын толықтай автоматтандырылған деп айтуға болады. Төлемді электронды нұсқада жасауға да болады, деп түйіндеді Ербол Бердібайұлы.