Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов тамыз кеңесінде аудан бюджетінен бөлінген қаржының 80 пайызы білім саласына жұмсалып жатқанын айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі aktobenews.kz-ке сілтеме жасай отырып.
«Ауданда мектептердің барлығы оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілді. 38 мектеп, 26 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі бар Мұғалжар ауданы білім саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Аудан бюджетінің 80 пайызы, яғни 5 млрд 200 млн теңге осы саланы дамытуға жұмсалады. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда үш мектептің құрылысы басталып кетті», — дейді Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов.
Әкім аудандағы жетім балаларға оқу жылының басында пәтер кілті табысталатынын айтты.
«Ауданда «Мейірімді жүрек» акциясы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 74 баланың есепшоты 12 млн теңгеге дейін көбейтілді. Осыдан үш жыл бұрын ауданда 3 жетім бала үй алған. Биыл облыс әкімінің бастамасымен Қандыағаш қаласында 5 қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, 35 жетім бала баспанамен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні ауданда облыстық бюджеттен тағы 5 қабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында ата-ана қамқорлығынсыз қалған тағы 10 балаға үй беруді жоспарлап отырмыз», — дейді Ербол Данағұлов.