Бұл туралы Ақтөбе қаласының өнер орталығында ұйымдастырылған тамыз кеңесінде айтылған болатын. Биылғы тамыз кеңесі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері», Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді.
Тамыз педагогикалық кеңесін ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елдің, ұлттың болашағының мұғалімдердің кәсіпқойлығы мен өз ісіне деген адалдығына тікелей байланысты екендігіне тоқталды.
— Сіздер қоғам үшін аса жауапты, елдің болашағын тәрбиелейтін мамандық таңдадыңыздар. Кәсіби білігі жоғары, білімі мықты, жаңа заманауи инновациялық ой-пайымы бар педагогтар болғанда ғана еліміздің гүлденуіне, көркеюіне үлес қоса алатын мықты мамандар тәрбиелей аламыз. Сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, жауапкершілік жүгі ауыр жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Содан соң облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева сөз алып, жаңа оқу жылына дайындық жөнінде баяндады. Облыстың бас педагогы өткен оқу жылын қорытындылап, алға қойған жоспарларды пысықтады. Оның айтуынша, биыл білім саласына 85 миллиард теңге қаражат қаралып отыр.
— Облыста мектепке дейінгі 545 ұйымда 49 090 бала тәрбиеленіп жатыр.
Балабақшамен қамту үлесі — 96%, бұл республикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Аудандарда балабақшалардағы орын саны халықтың сұранысына сай келеді. Алайда Ақтөбе қаласында бұл мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан қала әкімдігі балабақшадағы орын тапшылығын жоюдың тиімді тәсілдерін қарастырып, оңтайлы шешім қабылдауы қажет. Биыл облыстағы 178 (51,1%) балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беру электронды форматқа ауыстырылды. Қазіргі таңда Қобда селосында, Алға, Хромтау, Қандыағаш, Ембі, Жем, Темір қалаларында автоматтандырылған жүйе 100% енгізілді. Ақтөбе қаласы, Шалқар, Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы аудандарында электронды форматқа көшу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Осыған орай, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдіктері балабақшаға кезекке қою немесе жолдама алу қызметін электронды форматта қолжетiмдi етуді жеделдетуі тиіс, — деді ол.
Ақтөбе облысында соңғы үш жылда жаңа мектептер құрылысы қарқын алды. 2016-2018 жылдары 48 мектеп салыныпты. Ал 2006-2016 жылдары, яғни он жыл ішінде 69 мектеп салынған. Салыстырып көріңіз! Қазірдің өзінде 27 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, олардың 15-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Бұл облыстағы 2 апатты, 2 ескі, 14 үш ауысымды мектептің мәселесін шешеді.