Қостанай облысында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабы жұмысының таныстырылымы өтті.
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Қостанай облысындағы штабының жұмысы таныстырылды.
Сайлау алды насихат жұмысының барысы туралы штаб жетекшісі Рүстем Жоламан әңгімелеп берді: «Қостанай облысындағы сайлауалды штабымыз өз жұмысын бастады, ақпараттандыру қызметімен айналысатын сенімді тұлғалар белгіленді.
Алдағы күндері насихат жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, көптеген іс-шаралар өткізілетін болады. Оның ішінде студенттермен, кәсіпорындардың жұмысшы ұжымдарымен кедесулер ұйымдастырмақпыз.
Өзге аймақтарда да әріптестеріміз кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасын халыққа жеткізумен айналысады.
Қостанайлық штабтағы кеңсеміз журналистер мен бақылаушылар үшін әркез ашық, насихат жұмысы туралы және басқа да қажетті ақпараттарды осы жерден алуға болады.
Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді.
«Менің ойымша, әлемдік проблемалар рейтингінде экология мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бірінші орынға шығуы керек. Экологияны жеке үйің туралы ғылым ретінде түсініп, қабылдау маңызды.
Біз экологиялық қауіпсіз дамуға көшу міндеттерін адамзат дамуымен қатар қарастыруды мақсат тұтамыз.
Атап айтқанда, экономиканы экологиялық таза, қоршаған ортаға зияны жоқ аз шығынды технологиялардың көмегімен түрлендіру дамудың басты негізіне айналуы тиіс.
Жаңа құрылысты бастарда, өнеркәсіптік кәсіпорындарды іске қосарда, кез келген шаруашылықты жүргізу кезінде экологиялық мәселелер ескеріліп, бірегей табиғи ландшафттардың, флора мен фаунаның қауіпсіздігіне көңіл бөлінуі керек.
Жағымды экологиялық орта – адам денсаулығының кепілі», - деді кандидат.
Бүгінде денсаулық сақтау саласындағы әлемдік сарапшылар қоршаған ортаның ластануы мен табиғи ресурстар проблемасына бақылау жүргізумен айналысып жатыр. Жыл сайын жағдай нашарлап барады, егер адамзат табиғатқа деген қарым-қатынасын өзгертпесе, оның соңы үлкен апатқа, өркениеттің құлдырауына алып келуі мүмкін.
Сарапшылардың пікіріне сүйенген Ә.Құсайыновтың айтуынша, әсіресе, ғаламшардың 1/3 бөлігі тұратын әлемнің халқы аса көп елдерінде экологиялық жағдай мүлде мүшкіл. Ауаның, судың ластануы, сапасыз азық-түлік адамзатқа үлкен қауіп төндіріп тұр. Сарапшылардың болжамынша, 30-35 жылдан кейін ластанған ауа 3,6 млн адамның өлімінің басты себебіне айналады, олардың басым бөлігі – жоғарыда атап өткен аймақтардың тұрғындары.
Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі заманғы экологиялық қолайсыз орта адамның тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, жалпы ғаламшардың табиғи экожүйесінің қалыпты жұмысына әсер етіп, су ресурстарының, климаттың өзгеруіне алып келуде.
Биосфера мен жалпы Жер шарының тағдыры адамзаттың бұдан арғы өнеркәсіптік қызметінің экологиялық тиімді әрі рационалды жүргізілуіне тікелей тәуелді. Ол үшін экологиялық мәдениет деңгейін көтеру маңызды, әр адам ормандардың, өзен-көлдердің, жануарлар мен өсімдік әлемінің қауіпсіздігіне тиісті деңгейде көңіл бөліп, су мен қуат көздерінің ысырапшылдығына жол бермеуі тиіс.
Адамның биосфераға ықпалынан ғаламшардың жылу режимі өсіп, радиоактивті айнала кеңіді, Әлем мұхиттары ластанып, жаңартылмайтын шикізат қоры азайды. Табиғаттың экологиялық жүйесі өзін-өзі тазартып үлгермей жатыр. Ал адамзат өркениетінің қысымы төмендер емес.
«Жаһандық өнеркәсіптік жобалар табиғатқа үлкен зиян келтіруде, себебі олардың жұмысында табиғатты қорғауға негізделген өңдеу әдістері ескерілмейді.
Әлемнің ірі қалаларына жүргізілген геохимиялық және эпидемиологиялық талдаулар негізінде анықталғандай, мұның бәрі жалпы ауру-сырқаудың 30-70 пайызына, онкологиялық аурулардың 40 пайызына себеп болып отыр. Әлемдік статистикаға сәйкес, туа біткен денсаулық ақауларының 17 пайызы сыртқы химиялық факторлардың жағымсыз ықпалымен байланысты.
Қорыта айтқанда, табиғатты қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесіне үлкен маңыз берілуі керек», - деді Ә.Құсайынов.