Еңбек түбі береке екендігі бесенеден белгілі. Дегенмен де соңғы онжылдықтарда әлем елдерінде еңбекке деген көзқарас біршама құбылып келеді. Мәселен, қазіргі таңда халқының басым көпшілігі еңбек етуден қалған мемелкеттер болса, енді бір ел жаппай еңбекқорлығының арқасында әлемде бәсекеге барынша қабілетті саналып отыр. Осындай жағдайды саралаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел егемендігінің тірнегі – еңбек екенін ұдайы айтып, әсіресе келешек жастарды тынымсыз еңбекке шақырып келеді.
Шындығында, мұнай байлығына шалқыған кейбір араб елдері соңғы жылдары халқына ақшаны таратып беруді дәстүрге айналдырып, нәтижесінде азаматтарын қарапайым жұмыстан біразырақ ажыратып алған-ды. Осының салдарынан қазір ондай елде тіпті такси жүргізетін де өз елінің адамы қалмаған, бәрін шетелден келген мигранттар атқаруға көшкен. Бұл байлыққа белшеден бата бастаған елдің еңбек етуден қалып бара жатқанын көрсетсе керек. Ал керісінше күніне 10 сағат жұмыс істейтін кәрістер бүгінде дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елі болса, аптаның әр күнін демалысқа айналдырған гректер соңғы уақытта «масыл халық» деп атала бастаған еді.
Мемлекет басшысы жастарға арнаған сөзінде осы мысалдарды да біршама алға тартты. «Барлығы еңбекпенен жасалады. Бақыт басыңа еңбекпенен келеді. Өз еңбегімен тапқан бір түйір нан тәтті болады. Бекер келген байлық бекер кетеді. Оның бәрін көріп жүрсіздер. Менің замандастарым, біздің буын осының бәрін көріп өсті. Біз бірінші алған жалақымызға қуандық. 30-35 келгенде, 20 шаршы метр үй берсе, төбеміз көкке жеткенше қуандық. Мұның барлығы ауыр еңбекпен келеді. Еңбек етіңдер! Сонда ғана еліміз мықты болады, өздерің бақытты боласыңдар!», - деп жастарға ақыл-кеңесін берді Елбасы «Нұр Отан» партиясының XV съезінде.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына ерекше құрмет болуы тиістігін де ұдайы айтып келеді. Осыған орай, бұған дейін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп келсе, биылдан бастап алғаш рет «Еңбек ардагері» медалі беріле бастайтын болады. Ал былтырғы жылы қыркүйекті тұңғыш рет елімізде Еңбек күні мерекесі аталып өтілген болатын.
Осынау ерекше күнмен жұртшылықты құттықтаған Елбасы: «Еліміз «Қазақстан 2050» стратегиясының негізгі тұғыры – Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру жолында сеніммен алға басып келеді. Қазақстан экономикасында заманауи зауыттар мен кәсіпорындар, жаңа күре жолдар салынып, ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Көлік және әуе кемелерін жасау, локомотивтер мен ғарыштық аппараттар шығару және өзге де көптеген жоғары технологиялық салалар пайда болуда. Біз ауылшаруашылығын дамытудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың ауқымды бағдарламаларын іске асырудамыз. Кәсіби мамандар даярлау саласында сапалы өзгерістер жүзеге асырылып, дуальды білім жүйесі енгізілуде. Жоғары нәтижелі еңбек етуді ынталандыру үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы және «Еңбек ардагері» арнайы медалі беріледі. Бұл марапаттар жыл сайын үздік ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне, металлургтерге, мұнайшыларға, ұстаздарға, дәрігерлерге және өзге де кәсіп өкілдеріне тапсырылады. Еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, еңбек қатынастары туралы ұлттық заңдарымыз жетілдірілуде, кәсіподақтардың орны нығая түсуде. Әрбір қазақстандықтың лайықты, адал және кәсіби еңбегі Қазақстанның ұлы мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің кепілі болмақ», - деп атап өтті.
Сосын Н. Назарбаев адам өзінің еңбегі арқылы отбасын ғана емес, мемлекетті де нығайтатынын алға тартады. «Өйткені, зауыттар мен фабрикалар еңбекпен салынады, ғылым да еңбекке негізделеді, кітаптан бастап бәрі де еңбекпен дүниеге енеді. Еңбек адамның арманын орындап, қоғам дамуына оң ықпал етеді. Еңбек тәуелсіздікті тудырады. Еңбекпен табылған ақша адамға тәуелсіздік береді. Сондықтан да мен барша жастарға еңбек етіңдер деп айтудан жалықпаймын. Өйткені, тәуелсіздікті сақтап қалып, дамыған елдер қатарында болу үшін, мемлекеттің экономикасы қуатты, қорғаныс қабілеті мығым, халқы сауатты және еңбекқор болуы шарт», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Әлбетте, Еңбек күнін мерекелеу еңбек адамына, кәсіпке деген құрмет қана емес, жалпы еңбек ететін жұртшылықтың әлеуметтік көңіл-күйіне айрықша назар аудару, бәсекеге қабілетті және қуатты жалпыға ортақ еңбек қоғамын құрудың шешуші ұлттық факторы ретінде еңбекті мойындау болып табылады.