Қазақ тойындағы би және ұлттың екі үлкен жоғалтуы

/uploads/thumbnail/20170708174059507_small.jpg

«Жерімді елім саған аманаттап, Елімді ерім саған тапсырамын».

Бұл өлең жолдары «Оспан батырдың өсиеті» деген Ғалым Қалибекұлының сөзіне жазылған Еркін Ергенұлының толғауынан үзінді. Жүрек түкпіріндегі айтылмай кеткен, батырдың ақтық сөзін айтқан Ғалым Қалибекұлының толғауындағы Елін тапсырып кеткен ерлердің бүгінгі бейнесі шынымен де елге тұтқа бола алама? Соңғы кездері тор беттеріндегі «Тойдағы» қызықтардың өзі жігіттеріміздің намысының қаншалықты дәрежеге түскеннін көрсетіп бере алады. «Қорқыт десе осынша қорқытасың ба» деп ертегіде айтылғандай, биле десе шалбарын шешіп билеуде мақтанға айналды. Алдында тағы бір тойда қалың елдің көзінше қыздың үстінен аунап өткен жігітті көріп жағамызды ұстап едік, енді жігіттердің іш киімімен билегенін көріп ұстар жерімізде қалмай, Абайша айтсақ: «Бетті бастым, тұра қаштым, жалма – жан» болды. Қашқанда қайда барасың. Қашқаннан құтылса Қорқыт құтылар еді ғой пәледен... Айналып кеп ұлтыңның ертеңі еске түскенде қолыңнан келген қаламыңа жармасу.

Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен алмағайып заманда қазақтың ерлері кімнен айылын жиып еді, кімнен тартынып қызыл тілін қамауда ұстап еді. Басы бардың басын идіріп, басы «жоқтың» тізесін бүктірген ұлттың бүгінгі күнгі тірлігі басқа боп кетті. Батырлық өлді, ерлік сөнді, намыс өшті, кие көшті, жігіт әлсіреп «мігт» болды, қыз азып «пыз» болды, (Төле бидің айтқанынан алдынды мігіт пен пыз) Шалкиіз жыраудың «Би Темірге бірінші хат» толғауында: «...Тебінгінің астынан Ала балта суырсып Тепсінісіп келгенде Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе Тәңірі етті»,- деп намысын таптатпауы;

Атақты Доспамбет: «...Сере, сере, сере қар, Асты кілең ұсты мұз, Күн – түн қатса жібімес, Мен көлікке қосымды артқанмын, Көмбідей ару жаларға Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын»,- дер ерлігі; бері қарай уақыт көшін жылжытсақ, наркескен Махамбет: «Ереуіл атқа ер салмай, Егеулі найза қолға алмай, Еңку – еңку жер шалмай, Қоңыр салқын төске алмай, Тебінгі терге шірімей, Терлігі майдай ерімей, Алты малта ас болмай, Темір қазық жастанбай, Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітерме»,- дейді. Сол ерлер бүгінде не істеп жүр? Қалың елдің алдында сымын сыпырып, әйелдердің арын қорғамақ түгілі, ұятқа қалдырып биге сүйреп жүр. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетер» дегендей, еркектен ерлік кетсе, әйелде ар қалама, жалаңаш еркекке сүйене, сүйкеле, қайыған інгендей қайқаң басады. Ал тойға келген тойшыл қауым жыртыла күліп, жарыла орын беріп мәз. Жастардың биіне еліткен қарттармыз алақанын, Кеңес одағы кезіндегі Брежнев келгендегі қазақстандықтарша жарыса дамылсыз соғуда. Біреуі жағынғандықтан соғылған алақан болса, біреуі жаңылғандықтан соғылған алақан. Айырмашылығы заманы мен адамы басқа, ұқсастығы ұлттық намыстың жоғалуы. Белден бес қару шешілгелі, елден екі үлкен нәрсе жоғалып барады. Бұл екі жоғалтуда ұлттің тамырына балта шабар жоғалту, былайша айтқанда еркетен намыс, әйелден ар кетіп барады. Дәл осы жоғалту салдарынан сонау ғасырларда, Ғұн мен Түркі уағындағы қыз беретін Қытай бүгінде қыз алатын болды. Жан баласын төріне шығарсада, төбесіне шығармаған қазақтың, төбесіне шықты сол кезіндегі есіктен емес, даламызға имене аяқ басатын ұлт. Төбеге шыққаны емей немене, қызыңды тар төсекте талықсытып, жұпары қардай бораған кеудесінде жатса. Көр енді намыс пен ардың жоғалғанының қандай боларын. Кезіндегі Абылайдың көрген аяни түсі дәл келгенбе сонда дейсің өзіңе – өзің гүбірлеп, құрт – құмырысқа боп кеткенімізді көріп. Біздегі ерлік пен өрліктің соңғы тұяқтары ХХ ғасырдың басында – ақ жоқ болған сяқты. Бүгінгі қазақ Серік Ақсұңқарша айтсақ: денесі барда басы жоқ Кенесары. ХІХ ғасырдағы өрлігіміз бүгінде Кенесарының толағай басында жатыр... «Аттыдан жаяу жүріп кегін алған, Жігіттер шамаң келсе маған ұқса» ,- дей алар Жаяу Мұса жоқ арамызда. «Жүз қатыны Қыпшақтың ұл тапсада, Бәрібір бола алмайды Иман Жүсіп»,- дегендей, жүз қатын емес, Жұз мың қатын толғатса да Иман Жүсіптей ерді дүниеге әкеле алмай жатырмыз. «Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе, Білемін енді өзімдей ұл тумасын»,- дегенді Кемпірбайдың ауызына Алла салған шығар. Расында аруағыңызда сезіп жатқан болар, Кемпірбай қазақта сендей ұл тумай жатыр өрлігін отпен, биіктігін көкпен өлшер...

Түркімен әдебиетінің классигі Фраги Мақтымқұлының: «...Әкелер мәз жебір болып ұл өссе, Шешелер мәз, жеңіл болып қызы өссе – Дүниені бүлдіріп жүр не сабаз...»,- деген екен. Дүниені емес ұлттың бетіне шіркеу әкеліп, сүйегіне таңба басқан бұл жігіттердің қылығына қарап, Ақтамбердінің көзімен: «Жағама қолдың тигенін, Жалғыздық сенен көремін. Жамаулы киім кигенім, Жарлылық сенен көремін»,- дегеніндей, ерлеріміздің ел алдында шешініп, тойдың «іріне», Қызымыздың жүрт алдында шешінген ермен билеп, тойдың «гүліне» айналған түрін рухсыздық пен намыссыздықтан көрмесек, басқа неден көреміз. Рухсызданғанның көкесі тағы бар екен рас, ұмытып барады екенбіз ғой, тағы бір тойдағы жігіттің алдына көлденең жатып, Құрманғазының «Сары арқасы» арқылы бөксесін шерттіріп отырғаны тіпті арсыздық –ау. Бір қызымнан бір қызым сорақы деген осы болар. Тойды да қалай өткізуді ұмытып қалыптық байқасақ!

Алаштың арда ұлы Ахымет Байтұрсыновтың: Аяулы азаматтар сендер адаспаңдар, сендер адассаңдар Алаш жұрты адасады,- деген сөзі бар еді. Ал Мағжанның: Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін,- дегенін еске алсақ, бірі Алаш жұртын аманаттап бара жатқан азаматтарына адаспаңдар деп ақыл айтса, бірі сол азаматтардың адаспайтынына сеніп еді. Сондықтанда арқамызда қос арыстың міндеті мен Алаштың ауыр жүгі барда жұқара бермейік жігіттер.

Қуанәлі Алмасбекұлы

Сурет: bonart.kz

Связанные Статьи