Елбасы ғұмыр жолы, өткен белестері қашанда жастар үшін үлкен өнеге. Ендеше, Тұңғыш Президент туралы айтылатын әңгіме де, жазылатын шығарма, қойылатын қойылым мен жарыққа шығатын фильмдер де жастарды талапты болуға, мақсатсүйгіштік пен табандылыққа жетелейді. Шындығында, маңдайына бір мемлекетті қалыптастырып, тәуелсіздігін тұғырлы ету тағдыры жазылған тұлғаның отбасы, мектепте, студенттік кезеңдерде, басқа да әлеуметтік институттарда лидерлік қасиеттерінің қалыптасуы қалай болды? Жалпы лидерлік феномені адамның бойында қалай қалыптасатын құбылыс? Бұл көпшілік үшін қашанда қызықты сұрақ болып қалары хақ.
Шындығында, көшбасшылық тұлғаның қалыптасуына отбасынан бастап, одан кейінгі кезеңдердегі орталардың қай-қайсысының да әсері мол болатыны сөзсіз. Соның ішінде бұған адамның жастық шағы, жасөспірім кезеңі де үлкен рөл атқарады. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың жасөспірім кезеңінде де елден ерекше болғанын, көшбасшылық қасиеті сол тұстарда да көрініп, байқалып тұратынын замандастары айтады. Жас Нұрсұлтан тек өз сыныбындағы ғана емес, мектептегі ең үздік оқушының бірі болды. Мектепті бітіріп, 18-ге таяған Нұрсұлтан өз қатарластарының арасында терең білімімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекше көзге түседі. Тынымсыз еңбек, спортпен жүйелі айналысу оны тығыншықтай етіп, шыңдап шығарады. Н. Назарбаев сол кездің өзінде құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда ересек сияқты көрінеді екен. Бірақ оны ерекшелеген басты нәрсе – пікір айтудағы және әрекет етудегі дербестік пен жетекшілікке тұрақты ұмтылыс болған екен. Ол құрбы-құрдастарымен алғаш танысқан сәттен бастап, тіл табысып, өз ортасының ұйтқысы және қоғамдық ұйымдастырушысы болды. Әзіл-қалжыңға бейім болды, әнді жақсы айтатын, елдің көңілінен шығып, өз ортасын тез үйіріп әкете білді.
Отбасындағы үлкен ұлы болғандықтан Нұрсұлтан ертерек еңсесін тіктеп, өз ахуалын жақсартып, ата-анасына, туған-туыстарына материалдық тұрғыдан көмектескісі келеді. Жас Назарбаев ауқымды құрылыста жаңа үлкен өмір басталатынын, алдан жеке мүмкіндіктер мол ашылатынын қапысыз сезінді. Сондықтан да, Н. Назарбаев өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуге бел байлап, түбегейлі шешімге бекінеді.
Теміртауға келген соң, ол болашақ металлург ретінде Украинаға, Днепродзержинск қаласындағы Днепр металлургия комбинаты жанындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға жіберіледі. Осылайша, жас Нұрсұлтан шыныққан шымыр жастардан іріктелген домнашылар тобына қосылады. Жас Назарбаев бұлшық еті мен мінезінің мықтылығын спортта, балуандардың боз кілемінде дәлелдей білді. Осындай жекпе-жектердің бірінде ол өзінің әріптесі, жергілікті украин жігіті Николай Литошконың жауырынын жерге тигізді. «Миколаның» әдепкідегі таң қалуы кейіннен құрметке ауысып, қазақ Назарбаев пен украин Литошко арасындағы мызғымас достыққа ұласты. Нұрсұлтан Литошко отбасының жиі барып тұратын қадірлі қонағына айналды. Ал 1959 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Кәсіподақтардың бүкілодақтық орталық кеңесі (ВЦСПС) ұйымдастырған жарыста жеңімпаз атанды. Сөйтіп, ол училище бітіргенде металлургтің қиын да күрделі мамандығын игеріп қана қоймай, Украинаның спорт шебері атанды. Табандылығы мен қайсарлығы өзі таңдаған мамандық бойынша барлық пәнді үздік игеруге жол ашты. Сондай-ақ, жас Назарбаев оқу бітіретін кездегі біліктілік емтихандарынан үздік баға алып, «домна пешінің сегізінші разрядты екінші горновойы» куәлігін иеленді.
Кейіннен Теміртауға оралғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өмірбаянының «жалынды» кезеңі басталды. 1960 жылы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден бір домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келген күні болып саналады. Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Назарбаев та қатысты. Алдыңғы қатарлы жұмысшы қазақ, комсомол мүшесі ретінде Назарбаев БЛКЖО съездері мен жастар фестивальдеріне жиі жіберіліп тұрды. Ол танымал бола бастады, өндіріс үздігі Назарбаевтың суреті орталық баспасөзде де басылды. Жас металлург жұмыстастары арасында үлкен құрмет пен беделге ие болды. Сондықтан ол партияға өткеннен кейін цех парторгы болып сайланды.
Кейіннен болашақ Президент зауыттың жолдамасы бойынша Қарағанды политехникалық институтына түсті. Ол онда Теміртауда тұратын талапкерлерден жасақталған ЛП-62-2 (қара және түсті металл құйма өндірісі) тобына бөлінді. Ол жылдары техникалық жоғары оқу орындарында оқуды өндірістегі еңбекпен үйлестірудің сынақ-тәжірибесі өткізілетін. Бұл болашақ мамандықтың практикалық жағын игеруге септігін тигізді, алайда жұмыс істеу және сонымен бір мезгілде институтта оқу өте қиын болды. Осылайша, бұлар бірінші курсты бітіріп шықты, ал келесі екі курс өндірістен ажыраған таза студенттік кезең болды. Нағыз студенттік өмірдің барлық қажетті атрибуттары – сынақтар, сессиялар, зертханалық жұмыстар еді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін тыңғылықты білім алуды одан әрі жалғастырған жылдар болды. Н.Ә.Назарбаев Қарағанды политехникалық институтында 3 жыл оқып, одан соң Теміртауда Қарағанды металлургия зауыты жанынан қайта құрылған зауыт-втузға ауыстырылды, оны инженер-металлург дипломымен бітіріп шықты. Міне, осыдан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан жаңа мүмкіндіктер ашылды. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыруға және соңына ерте білуге қабілеттілігі байқалып, бағаланды.
Жалпы Көшбасшының тұла бойындағы елден ерек қасиеттерді бірге оқыған, бірге жұмыс істеген жандардың бәрі сол кездері-ақ мойындаған. Оның адамды және оған қатысты оқиғаны есте сақтайтын керемет қабілеті, үнемі бәрін ұғуға, түпкі мәніне жетуге, сұхбаттасушысын мұқият тыңдауға және түсінуге тырысатыны туралы айтылып жүрді. Елбасының курстастары - Украинада кәсіби-техникалық училищеде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған Қайрат Исламқұлов, Марат Қыстаубаев, Тельман Спаевтар да студенттік кезеңді еске алғанда, қазіргі ұлт көшбасшысының сол кездегідей қарапайым қалпында қалғанын айтады.