Соңғы кездері әлеуметтік желі беттерінде қазақ ақындары мен күйшілерінің шығармаларын арзан күлкіге, ерсі ермекке, әрісі келемежге айналдырушылар жиілеп барады. Әуелгісі қазақ тойларында атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлының "Адай" күйін әйелдің әуертті жеріне балап, шоу жасағанда жағамызды ұстап, мұндай бассыз әрекетке барғандар жазалануы тиіс дедік. Айтылған сөз айтылған жерінде қалды. Құзырлы мекемелердегілерден "ләм-мим" деген жан табылмады. Осыған байланысты "Қамшы" порталында "Құрманғазының күйін мақазтағандар жауапқа тартылуы тиіс" деген мақала жарық көрді, әрі ол ешқашан өзектілігін, маңыздылығын жоймайды.
Жалпақ жұрт болып жүріп, атақты күйшіні арзан күлкі, ерсі келемежге ермек қылған асабаны жазалай алмай жүргенімізде Қазнетте тағы бір есерсоқ пайда болыпты.
"Атың шықпасаның" керін қылған бұл жігіт, анау-мынауды қойып, қазақтың Бас ақыны саналатын Абайдың "Айттым сәлем, Қаламқас" әнін қорлаған.
Қорлаған. Біз қорлады деп бажайлағанымызбен, әнші сымақ жігіт мұны олай қабылдамайды екен.
Сәуірдің 4-і күні Украина астанасы Киев қаласында өткен "Украина дарындарды іздейді" («Україна має талант-7″) жобасының жетінші кезеңіне, кастингке барған қазақстандық репер-әнші Тәкежан Өтеғалиев білдей Украина сахнасынан қазақ ақынының лирикалық туындысын жын-ойнақ қылған.
Оған мәз болған залдағы көрермендер мен қазылар алқасы реперді шоудың екінші кезеңіне өткізіп жіберген. Ал, жекелеген мүддені көздейтін, кейбір қазақстандық БАҚ "Қазақстандық репер Украиналықтарды таң қалдырды" деп жазып, әншісымақты әспеттеп-ақ жатыр. Үстіне қазақтың ұлттық шапаны мен бөрік киіп шыққан Тәкежан Өтеғалиев әнді өте керемет орындады, энергетикасы мол екен деген сыңаржақ мақтаулар мен қошеметке масайып қалған Тәкежанның өзі де неліктен Абайдың әнін әрін кетіре орындағанын түсіндіріп баққан.
"Ақынның бұл әні махаббат жайлы. Бірақ, махаббаттың екі жағы болады ғой. Мен бұл лирикалық әнді жастардың стилінде динамикасын жоғарылатып орындадым",-дейді Тәкежан.
Дүниенің жер-жерінен таланттарды іздейтін шоудың қазылары Владислава Ямы, Слава Фролова және Игоря Кондратюк Тәкежанға алғыстарын айтып, шоудың келесі кезеңіне өткізіп жіберген. Ал Өтеғалиевтің өзі болса, келесі кезеңде қандай компазиция орындайтынын білмей басы дал болып жүр.
Бұл бірінші мәрте орын алып отырған мәселе емес. Қазақ өнерінің алтын жауһарлары бірінің артынан бірі қорланып жатқанда, мұндай бассыздықтарға бей-жай қарап отыруға болмас. Кім білсін, ертең Өтеғалиев шоудың екінші кезеңінде тағы бір қазақ ақыныының шығармасын мазаққа айналдыруы әбден мүмкін ғой?!
https://www.youtube.com/watch?v=Om4nldo5NxIНұргелді Әбдіғаниұлы