Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазпошта» АҚ-ның филиалы 9 айдың ішінде 4 сату нүктесін ашқан. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов өзінің Facebook парақшасында жазды.
Жергілікті филиалда 10 қала мен 15 ауданға қызмет ететін 1,5 мың адам жұмыс істейді. Бұған қоса, аймақта 752 ауылдық елді мекен бар. Осының барлығына ұлттық оператордың мамандары өз қызметтерін ұсынуда.
«Аймақтағы бөлімше 9 айда 4 сату нүктесін, айырбас жасаудың қосымша пункттерін, 23 банкомат пен 11 терминалды ашты. Ал бұрын бұл жерлерде төлем қабылдайтын кассалар болмаған еді», – деп атап өтті С. Сәрсенов.
Оның айтуынша, ШҚО-дағы филиал жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, Е-КСК жобасын енгізбекші. Нәтижесінде, тұрғындар өздерінің талап-арыздарын әкімдік пен тұрғын үй кооперативіне жолдай алады. Сондай-ақ, халықтың қажеттілігіне жарайтын бір топ қызметкерлер әрбір үйде болмақ. Ол қызметкерлердің қатарына: учаскелік полицей, медициналық қызметкер, сантехник, электрик және т.б. енеді.
Басқарма төрағасы бұл өңірге сапары барысында бизнесті жүргізіп жатқан IT, HR және e-commerce-тің басшыларымен кездесіп, әріптестеріне компанияның алдағы даму жоспарын айтты.
«Сондай-ақ, біз «Аль-Фараби» ЖШС-пен кездесуіміз кезінде ынтымақтастығымыздың әрі қарайғы дамуын талқыладық. Айтпақшы, ШҚО-да Қазпоштамен франчайзингтік модель бойынша 6 компания келісімге отырды. Ол компаниялар Семей, Аягөз, Өскемен және бірнеше аудандарда орналасқан», – деді ол.
Басқосу соңында Қазпоштаның 25 жылдығына орай еңбегі сіңген өңірдегі мамандарға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.