Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Til-Qazyna» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық-танымдық газетінің тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 19 ақпандағы №637 Жарлығында бекітілген латын негізді қазақ әліпбиін насихаттайтын және жаңа әліпбиге қатысты ақпаратпен, танымдық материалдармен бөлісетін жаңа әліпбиде жарық көріп отырған тұңғыш басылым – «Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газетін қалың оқырманға таныстырды. Айына екі рет жарияланатын газеттің мазмұнын, оның жаңа әліпбиге көшу кезеңіндегі маңызын түсіндірді.

«Til-Qazyna» республикалық ақпараттық танымдық газеті А3 форматында шығады. Газет 8 беттен тұрады.
Шара барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, газет ұжымын және ұйымдастырушыларды құттықтады. Сонымен қатар ғалымдар Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтан Оразалин, жазушы Төлен әбдік, қоғамға танымал азаматтар Ерлан Сайыров, Мұхтар Тайжан сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөзін сөйледі. Газеттің алдағы уақыттағы бағыты талқыланып, бүгінгі қоғамның күн тәртібінде тұрған емле мәселелері жайында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Алғашқыда газет айына екі мәрте 3 мың тиражбен шығады. Оқырман газеттің онлайн нұсқасын Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында оқи алады.
Газет таныстырылымы барысында өткен ғасырда латын әліпбиінде жарық көрген қазақ басылымдарының тарихына шолу жасалып, латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы пысықталды.
Шараға ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, Министрлік қызметкерлері, тілтанушы ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.