Бұл – жануардың бірнеше жылдан соң Маңғыстауға оралуы. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиевтің айтуынша, алабарыс (леопард) 2015 жылы қақпанға түскен. Ол адамдарға шабуыл жасағандықтан өлтірілген. Одан бұрын шамамен 2005 жылы пайда болғанымен, бірақ еш жерге жарияланбапты.
Бұл жолы Үстірт қорығына келген жыртқыш 29 қыркүйек күні қорықтың фототұзағына түсіп қалған.
-Біз аңдарды қарап отыру үшін фототұзақ құрып қоямыз. Бұл алабарыс Көкесем шоқысының оңтүстік бағытында 40 шақырымда «Жаман Кендірлі» бұлағының маңындағы фототұзаққа түсіп қалған. Бұл – біз үшін жаңалық, өйткені леопард бұрын біздің жануарларымыздың тізімінде болмаған, енді тіркеп қоямыз. Ғалымдардың айтуы бойынша, жануар Түркменстан елінде бар, сол жақтан келген болуы мүмкін, - дейді Меңдібай Ағиев.
Жалпы алабарыс Африкада, Азияда, Түрікменстанда, Ресейдің Қиыр Шығысында жиі ұшырасады. Негізінен тұяқты аңдармен (бұғы, елік, арқар, т.б.) қоректенеді.
Шапшаң қимылдайтын жануарды «көзбен көрген» фототұзақтың бүгінде қорық аумағына 8 данасы құрылған. Әрқайсысының қуаты 2 айға жетеді.
-Ол аң, құс, кез келген қозғалған нәрсені суретке түсіріп тұрады. Батареясының қуаты екі айға дейін жетеді. Дегенмен біз екі аптада, бір айда тексеріп, суреттерін құйып алып отырамыз, - дейді Меңдібай Ағиев.
Бұған дейін аппаратқа леопардтан өзге бұрын көзге көрінбей жүрген қарақұлақ, мысықтың түрлері, дала мысығы түскен. Қорық мамандары енді итаю жануарын түсіруді жоспарлапты.
Оставить комментарий