Қазақстанда демография мәселесіне ерекше назар аударады. Елбасы бастаған топ аталмыш мәселе өз шешімін табу үшін жөргек пұлды көтеру, отбасы құндылықтарын насихаттау, көші-қон мәселесін жолға қою, халықтың әл-ауқатын арттыру секілді жұмыстарды мықтап қолға алды. Себебі, ұлан-байтақ Қазақстанда тұратын халық саны оның жер көлеміне сай келмейді. Жуық арада халық санын өсіру мақсатында Елбасы жақын уақытқа құрылған жоспарда Қазақстан халқын 20 миллионға жеткізу мақсатын алға қойды. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында демография мәселесін және оның шешу жолдарын ерекше атап өткен болатын.
Жер көлемі жағынан көш бастап тұрсақ та халық саны жағынан ақсап тұрғанымыз рас. Десек те, мәселе біз ойлағандай құрдымға кеткен жоқ. Халық саны өсіп жатыр. Оған Қазақстандағы табиғи өсім мен көші-қонның жолға қойылғаны дәлел. Жылда атамекеніне оралған этникалық қазақтардың саны артып келеді. Жыл сайын оларды тұрақты тіркеуге тұрғызу мен азаматтық беру үшін қажетті құжат пен қаржылық қиындықтарды еңсеру үшін түрлі қадамдар жасалуда. Ел президенті жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында демография мәселесін айтып өтеді. Онда ана мен бала денсаулығы, жөргек пұл мен жәрдемақыны көтеру, әлем бойынша тарыдай шашылған этникалық қазақтарды Қазақстанда, тарихи отанына шақыру, құжат пен атамекенде тұрақтау мәселесін еңсеру жолдарын қарастыру мен көп балалы отбасыларға материалдық көмекті арттыру керек екені айтылады.
Елбасы тапсырмалары орындалып жатыр. Мәселен, аспан асты елінен Қазақстанға көшіп келіп жатқан қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұру үшін соттылығы туралы анықтаманы алу үшін сабылмайтын болды. Яғни, олардан соттылығы туралы анықтама сұралмайды. Бұл Қытайдан ағылып келіп жатқан этникалық қазақтар үшін өте қолайлы. Сонымен қатар Қазақстанда оқып жүрген немесе әлі азаматтығын алып үлгермеген этникалық қазақ тұрақты тіркеуге тұру үшін немесе оның уақытын созу үшін қалтасынан еш қаржы шығармайды, яғни тегін тіркеліп, тегін ұзарта алады. Тек құжатында «ұлты-қазақ» деп көрсетілсе болғаны. Бұл да көші-қон мәселесінің шешілуі үшін таптырмас жол екені анық.
Бұл ретте халық санының өсуі мен экономикалық ахуал, елдің қаржылық жағдайын жақсарту мен шетелдіктердің қоныс аударуы бір-бірімен байланысты екенін атап өту керек. Себебі елдің экономикалық жағдайы жақсарып, барлық сала дамып, бірақ табиғи өсім болмаса, жергілікті ұлтта өсім болмаған жағдайда, түрлі елдерден өзге ұлт өкілдері дамыған елге қоныс аударады. Олардың саны да, табиғи өсімі де артып, ал жергілікті халықта өсім болмаса елге қауіп төнеді. Мәселен, Еуропа елдерін алайық. Франция, Британия секілді өркениетті, дамыған елдерде демографиялық мәселе өршіп тұр. Табиғи өсім көрсеткіші төмен. Ал әлемнің түкпір-түкпірінен көшіп келіп жатқанда көп. Сол себепті Қазақстанда экономикамен қатар демографиялық ахуалды өркендетуге барын салып жатыр.
Оставить комментарий