Бүгін елордадағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі дінтануші, қоғам және руханиат қайраткері Ержан Хазірет Төлегенұлының мұраларын зерделеуге арналған республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. «Дін тұғыры және ілім қайнары» деп аталатын жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, еліміздің әр аймағынан дінтанушы теолог мамандар, Астанадан тарихшы ғалымдар қатысты.
Шара барысында сиясы кеппенген «Ілімнің бұлағы-тақуалық қайнары» атты Ержан Төлегенұлының кітабы таныстырылды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Тарас Хитуов, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы баяндама жасады.
Алқалы отырыста сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Біз артында өшпес мұра қалдырған Ержан Төлегенұлының еңбектерін жариялап, ғылыми деректерге сүйене отырып жұмысты қолға алдық. Бұл жобаның артында қаншама ғалымдарымыздың еңбегі жатыр. Өмірінің соңына дейін астыртын және жария түрде қудалау мен қадағалау аясында болған Ержан хазіреттің өмірі, үлкен көрегенділігі, парасаттылығы мен ақылдылығы әрі жүрек имандылығы жас ұрпаққа үлгі. Басқосуға келген қонақтар мағыналы жиынның маңызына тоқталып, аз уақытта көп дүние алып, рухани жандүниені толтырып шыққандарын жасырмады. Сонымен қатар, ғылыми шара тек облыс көлемінде қалып қоймай, түбектен Сарыарқа жеріне келіп өткізу ұйымдастырушылардың үлкен ісі», - деп баға берді