Тәуелсіздік алған мемлекет үшін ең басты құндылық не? Ол –егемендікті баянды ету. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында жаһандық мәселеде ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге тапсырма бергені белгілі.
Расында бұл орайда ең басты нәрсе – жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің қауіпсіздігі. Жеке адам мен қоғамның қауіпсіздігі үшін Қазақстандағы тиісті құқық қорғау органдарының өкілдері жауап берсе, ал мемлекеттің қауіпсіздігіне президент кепіл болып отыр. Қазір армия мен Қазақстанның қарулы күштерінің сарбаздары кірпік қақпай, елдің егемендігі үшін күзетте тұр.
Жалпы мемлекеттің қауіпсіздігі неге байланысты? Бұл ең алдымен президент жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатқа қатысты екені сөзсіз. Бұл айналып келгенде, мемлекеттің, нақты айтқанда, егемендіктің қауіпсіздігіне кепіл болып отырған Президенттің айқын позициясын да көрсетеді. Бір ғана мысал, әлемдік қоғамдастық Қазақстанды қандай позициясы үшін бағалайды немесе құрметтейді?
- Әлемдік қауымдастықта Қазақстан әрқашан бейбіт саясат ұстанады, татулық пен бірлікті бірінші орынгға қояды.
- Қазақстан үшін шешілмейтін мәселе жоқ, Ал шиеленіскен жағдайды шешуге болады, тек келіссөз арқылы ғана.
- Бұған қатысты Қазақстанның арағайын болған оқиғалары жетерлік. Сонау өткен ғасырдың соңында, 1990 жылдардың басы мен ортасында Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ оқиғасына қатысты соғыс басталған уақытта осының өн бойында Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан делегациясы жүрді. Бұл ұстанымға Қазақстан президенті осы уақытқа дейін адал болып келе жатқанын көріп отырмыз.
- Әлемдік ынтымақтастықта Қазақстанның бастамасымен құрылған бірнеше интеграциялық ұйым толыққанды жұмыс істеп келеді. Олардың саны бірнешеу: атап айтар болсақ, Еуразиялық экономикалық Одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйым, Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Орталық Азия экономикалық қауымдастығы, Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы. Дәл осы аталған ұйымдардың нығаюы мен оның жұмысын жүзеге асырудағы Қазақстанның еңбегі орасан зор болып отыр.
- Халықаралық жағдайды реттеуге Қазақстанның белсене араласуы. Оның бір мысалы ретінде Қазақстанның Астана процесіне қатысуы болып табылады. Осы уақатқа дейін Сириядағы жағдайды шешуге қатысты ел астанасында ондаған жиындар өтті. Оның нәтижесі де қазір барған сайын көрініп келеді. Қазір Сирияда бұрынғыдай емес, жағдай тұрақтанды. Бұл ресми Астананың тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы орасан зор үлесі деп айтуға болады.
Сондай-ақ, Сиириядағы соғысқа байланысты Түркия мен Ресейдің арасы шиеленіскен уақытта оған президент Назарбаев араласты. Қазір Анкара мен Мәскеу ортақ бітімге келіп, Сирияда тұрақтылық орнатуға белсене кірісуде.
- Төрткүл дүниені ядролық қарудан азат ету–Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басты ұстанған позициясы. Бұл барған сайын айқындалып келеді. Президент Назарбаев Сеулде, АҚШ-та және тағы басқа қалаларда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысты. Қатысып қана қойған жоқ, бұл жиында әлемді таңқалдыратын ғаламат бастамалар көтерді. «Манифест. Әлем. ХХІ ғасыр» атты өзінің бағдарламасын жариялады.
«Әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздікке өзінің жауапкершілігін әркез сезіне бермейтін түрлі мемлекеттер де еніп отыр. Сондықтан әскери блоктарға БҰҰ туы астында мемлекеттердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіпсіздік жолындағы үшін жаһандық коалициясын қарсы қою қажет. Таяудағы онжылдықтың жалпыға ортақ міндеті Ауғанстандағы, Ирактағы, Йемендегі, Ливия мен Сириядағы, Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палестина-Израиль текетіресін тоқтату болуға тиіс. Корей түбегі, Оңтүстік-Қытай теңізі акваториясы және Арктикадағы ахуалдың қаупінің әлеуетін азайту міндеті тұр»,–деген президент Назарбаев осыған байланысты «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» бағдарламасын қабылдау қажеттігін айтты.
Расында да Қазақстан басшысы айтқандай, кез келген әскери блог қарама-қарсы әрекетті тудырады. Сондықтан мұның алдын алу қажет. Осы уақытқа дейін жер бетінде 15 мыңнан астам соғыс болғанын ескерсек, бейбітшілік пен ғаламдық және ұлттық қауіпсіздіктің маңызы барған сайын арта түседі.
- Қазіргі әлемдегі ең қауіпті және аймақтың және мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төнгізіп отырған қатердің бірі–экстремизмге бой алдырған топтармен күрес. Нақтырақ айтсақ, 2001 жылғы 11 қыркүйегінде АҚШ-та орын алған лаңкестік әрекеттен кейін ғалам аса радикалды экстремистік топтардан қатты үрейлене бастады. Бұл орайда Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның саммитінің халықаралық маңызы өте зор болды. Осыған байланысты аймақтық және еуррпалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы «Астана декларациясы» қабылданды.
- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Нақтылай айтсақ, лаңкестік әрекет пен мен экстремизм – адамзаттың қас жауы. Мұны адам баласы, халықаралық қоғамдастық пен алпауыт елдер барынша ұғынуы тиіс. Әлсіз мемлекеттерге алпауыт елдер тарапынан әлімжеттік жасау да көп жағдайда лаңкестік әрекеттің орын алуына мүмкіндік береді. Сондықтан радикалды топтардың көбеюіне бір ғана емес, бүкіл ел бірігіп қарсы тұруы тиіс.
- Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде дәл қазіргі кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәні зор болып отыр. Аталған ұйымның жарғысына көз жүгіртсек, біз шын мәнінде ғаламдық қауіпсіздіктің басты орынға шыққанын байқай аламыз. Мысалы,
– мүше-мемлекеттер арасында өзара сенім мен тату көршілікті нығайту, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қолдау және нығайту;
– терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы бірлескен әрекет ету;
– есірткінің және қарудың заңсыз айналымымен, трансұлтты қылмыстық әрекеттің басқа түрлерімен, сондай-ақ заңсыз көшу-қонумен күрес.
Демек, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік туралы сөз еткенде, Қазақстан бұдан тысқары қала алмайды. Өйткені ең алдымен тәуелсіздік алу бір бөлек те, оны өміршең ету және оны сақтап қалу, баянды ету үлкен мәселе. Осы орайда ішкі және сыртқы саясатта Президент Назарбаевтың басқаруындағы Қазақстанның саясаты салмақты, позициясы нық болып келе жатыр.
Еркін Қалдан