1500 алматылық салымшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерге ие болмақ

/uploads/thumbnail/20181129110131048_small.jpg

Биыл жыл соңына дейін 1500 алматылық салымшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерге ие болмақ.

Жылжымайтын мүлік нарығында тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің құны 179 мың теңгені құрайды.

Алматы қаласындағы 1500-ға жуық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары жаңа пәтерге ие болып, жақын арада қоныс тойын тойламақ.

Белгілі болғандай, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлер Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Саялы» ықшамауданында «Жергілікті атқарушы органдар арқылы несиелік тұрғын үй салу» бағыты бойынша бой көтеруде. Тұрғын үй кешені бес қабатты және көппәтерлі үйлерден құралады. Пәтерлердің ауданы 29 шаршы метрден 84 шаршы метрге дейін жетеді.

«Берілетін тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 179 000 теңгені құрайды. Бұл мегаполистегі нарықтық бағадан екі есе төмен. Қолжетімді бағамен тұрғын үйге қол жеткізу үшін де өзіндік шарттарды орындау қажет, ең алдымен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұтынушысы болу қажет және депозитте тұрғын үй бағасының, кемінде 20 пайызы болуы шарт. Несиенің жылдық өсімі 5 пайызды құрайды. Мысалы, шамамен 6,3 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін, банк депозитінде кемінде 1,2 миллион теңге қаражатыңыз жинаулы болуы керек. Мұндай жағдайда ай сайынғы төлемнің бағасы 52 500 теңгені құрайтын болады», - деп мәлімдеді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары.

Қазіргі уақытта банк 886 пәтерге арналған пул құрып, жыл соңына дейін 621 пәтерді сатып алуға өтініштер қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске асырылған пәтерлердің беруіне алты үміткерден келеді.

«Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өнімдері мен бағдарламалары қазақстандықтар арасында ең көп сұранысқа ие әрі танымал болып отыр. Ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, біздің банк жалпы қазақстандық ипотекалық несие сомасының 62 пайызын берген. Биыл 26 мыңға жуық отбасы, оның ішінде 6 мың қазақстандық «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлады. Және де жылдың соңына дейін Алматы қаласының өзінде 3000-ға жуық тұрғын пәтерге ие болып, оның 1500-ы «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы тұрғын үйге қол жеткізбек. Бұл көрсеткіш еліміздегі күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешімін тауып жатқанының айқын дәлелі бола алады», - деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Алматы қалалық филиалының директоры Гүлзат Симтикова.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтерлер 50/50 принципі бойынша беріледі. Яғни, пәтердің 50 пайызы әкімшіліктің кезегінде тұрған адамдарға берілсе, қалған 50 пайызы кезекке тұрмаған, алайда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиттік шот аштырған салымшыларға беріледі.

«Сонымен қатар, әкімдіктің тізімінде тұрғандар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтерге қол жеткізу үшін олардың да «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиті болып, сол банктің салымшысы болуы шарт және де депозитте жиналған қаражаты болуы керек. Себебі, пәтер беру мемлекеттік тұрғын үй бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді жеңілдік шарттарымен жүзеге асырады және де шаршы метрге үміткерлер үшін нақты талаптар қойылған. Олар: Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе оралман куәлігінің болуы; соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының аумағында мүліктік меншіктен (өзінің және үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің) тұрғын үйі болмауы; Алматы қаласында кемінде екі жыл тіркеуде болуы; ай сайын төлем жасауға қабілетті болуы және оның дәлелдемесі», - деп атап өтті «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мамандары.

Связанные Статьи