Шыбын
Мейрамханада тамақтанып отырғанда сорпаға шыбын түсіп кетсе кім қайтер еді?
Неміс «Сорпа өте ыстық болғандықтан шыбын өліп қалған-ау» деп, ойлайды да, шыбынды шығарып тастап, сорпаны іше береді.
Француз шыбынды тәрелке шетіне шығарып мыжиды да, сорпаны ішеді.
Қытай шыбынды жұта салады.
Ағылшын ренішін жасырмай, бұлқан-талқан ашуланып, мейрамханадан шығып кетеді.
Орыс шыбынды байқамайды.
Американдық болса даяшыны, аспазды, есепшіні шақырып, шатақ шығарады.
Ирландиялық шыбынды алақанына салып, ұшырып жіберуге тырысады.
Жапон төңірегін көзбен шолып шығады да, «Шыбынды маған ғана салған екен ғой» деп, іштей қатты қынжылады.
Кәріс тәрелкесіне шыбынның түсіп кеткенін жапоннан көріп, оған көзін алартады.
Басы қосылса
Екі неміс қосылса үш ереже, төрт заң туады. Екі еврей қосылса үш идея, төрт саяси партия туады. Екі жапон қосылса үш банк, төрт компания дүниеге келеді. Екі американдық қосылса үш соғыс болып, шындық төртке бөлінеді.
Жаһандану
— Жаһандану дегеніміз не?
—Парижде ағылшын қызы мен мысырлық жігіт неміс автокөлігімен кетіп бара жатып, француз мінген жапон мотоцикліне соғылуының нәтижесінде орын алған жол оқиғасы.
Шығарма
Бір мұғалім оқушыларға пілді объект ретінде алып, шығарма жазуға тапсырма беріпті. Француз баласы: «Пілдің махаббаты» деген тақырыпта эссе жазыпты. Неміс баласы пілдің мінез-құлқы жөнінде ғылыми мақала жазып әкеледі. Үнді баласы пілдің дінге қатысы туралы реферат дайындайды. Еврей болса «Піл және антиевреизм» деген тақырыпта диссертация жазып әкеледі. Ал жапон баласы жазған шығарманың тақырыбы: «Піл және жапондық кәсіпкерлік».
Тасталатын зат
Американдық, жапон, ирактық үш кісі теңізде саяхаттауды ұйғарыпты. Бір кезде кеме суға бата бастапты. Кеменің ішінде көп дүние болғандықтан, үшеуі артық заттарды суға лақтыруға келісіпті. Алдымен, американдық өзінің автокөлігін теңізге лақтырыпты. Содан соң жапон фотоаппаратын тастапты. Ең соңында ирактық американдықты суға лақтырған екен.
Су жәндігінің орнына
Бірде американдық жапонға былай депті:
— Су жәндіктерін тамаққа пайдалану дұрыс емес.
— Неге?
— Өйткені олардың сезімталдығы жоғары әрі сондай сүйкімді тіршілік иелерін құрметтеудің орнына жеп қою деген сұмдық қой!
— Онда бұдан былай американдықтарды тамақ қылайық.
Уақыт
Бірде дүниежүзілік әншілер байқауы өтіпті. Байқау басталардан бір сағат бұрын неміс пен жапон келеді. Үш минут бұрын еврей келеді. Бір минут қалғанда ағылшын келеді. Дәл басталған шағында американдық жетіпті. Бес минуттан кейін француз, он бес минуттан соң итальян, жарты сағат өткенде испан келеді. Португалдықтың қашан келетінін ешкім білмейді.
Көк жираф
Бір бай: «Маған көк түсті жирафты көрсеткен кісіге бар қап алтын беремін» деп, жар салыпты. Оны естіген ағылшын «Көк жираф бар ма, жоқ па» деген тақырып төңірегінде халықаралық дөңгелек үстел жасап, талқыға салыпты. Неміс кітапханаға барып, ғылыми еңбектерден көк жираф туралы дерек іздейді. Американдық болса жер жүзінің түкпір-түкпіріне әскерлерін жіберіп, көк жирафты іздепті. Ал жапон технологиялық зерттеу жүргізіп, ақыры көк жирафты жасап шығарыпты.
Жапон тілінен аударған: Шарафат Жылқыбаева