Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын жақсарту» атты халыққа арнаған Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады... Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиісті реттеу жұмыстарын жүргізу керек. Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс» деп атап көрсеткені белгілі.
Расында электронды қызмет қоғамдағы сыбыйлас жемқорлықты түбірімен жояды. Мұның тиімді жағы өте көп. Барлығы да электронды қызмет арқылы өтіп, жүзеге асатын болған соң, адамдардың да билікке, жалпы атқарушы қызметте отырғандар шенеуніктерге деген сенімі күшейеді.
Ал бұл орайда Президент тапсырмасын орындау үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? Бұл орайда елімізде «2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданған. Сондай-ақ қоғамның, мемлекеттің дамуына зор залалын тигізіп отырған жемқорлықты жою жолында заңдық құқықтық құжаттар қабылданып, жұмыс істеп тұр. Расында да, жемқорлық деген – жегі құрт. Ал мұны түбірімен құрту үшін елімізде Президент тапсырмасына орай бүгінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі күні елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 78 пайызы электронды формата көшкен. Президент Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей. алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Әрине жемқорлықты жоюда электронды қызметтің жағымды жағы көп. Өйткені бұл жерде «бармақ басты, көз қысты болмайды». Қазірдің өзінде Қазақстан жемқорлықтың алдын алуда өз тәжірибесі және өзіндік үлгісі бар мемлекет. БҰҰ-ның рейтингісінде Қазақстан электронды үкіметті дамыту жағынан әлеуетті елдердің қатарында тұрғанын айтпай кетпеуге болмайды.
Біздің қоғамдағы қазіргі көрініске қарасақ, көп жағдайда орын алған жемқорлық әрекет үшін мекемедегі немесе министерліктегі бірінші басшылар жауап бермейтін жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан алдағы уақытта бірінші басшының жауапкершілігі міндетті түрде күшейтіледі. Сондықтан да Президент Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтің 90 пайызын электронды форматқа көшіру туралы тапсырма беріп отыр. Демек, бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы екенін ұғынудың маңызы зор.
Еркін Қалдан
Оставить комментарий