Соңғы апталардағы Қазақстанның облыстарында бұрын-соңды болмаған тасқын судың салдары айтарлықтай шығын алып келгені рас. Тасқын өтті. Бірден Қазақстанның 5 облысын шу шайғанда біздің ТЖМ-ІІМ әдеттегідей, шарасыздық таныттты. Уәде етілген сақтандыру системасы да жоқ. Ондаған-жүздеген ауыл, қалалар тасқын-селдің ортасында қалып, үйлер, шаруашылықтар, жолдар қираған, электр желілері үзілген, 15 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Елбасы айтқандай-ақ, адам шығыны болған жоқ. Құдай бір сақтады дестік. Бұл әрине ең маңызды нәтиже.
Әзірге мемлекеттік органдар тарапынан табиғаттың тентек мінезінен келген шығын көлемі туралы нақты деректер айтылмады. Десе де, тасқын шығыны түрғындардың қалтасына салмақ салып қана қоймай, жергілікті бюджетке де түсетіні анық. Су қайтар, сосын келтірілген шығынды есептеу кезеңі басталады. Әзірге, компенсация туралы сөз қозғалмайды. Себебі, әлі күнге дейін Қазақстанда табиғи апаттардан келетін шығынды өтеуге қатысты нақты механизм қалыптаспаған.
Ал әлемнің дамыған мемлекеттерінде жылжымайтын мүлікті (ауылдық жерлерде)сақтандыру механизмі әлдеқашан қолға алынған. Мысалы, 2013 жылы Солтүстік Америкада табиғат апаты салдарынан 37,5 млрд. доллар шығын келген. Бұл шығынның 18,5 млрд. доллары сақтандырушы компаниялардың есебінен өтелген. Еуропа континенттерінде апат шығынының 40 пайызы (22,5 млрд. доллар) сақтандырылған делінеді кейбір дерек көздерінде. Ал Азияда ең ірі табиғи шығын соммасы 60 млрд. доллар болғанда, бұл көрсеткіштің небәрі 5 пайызы ғана сақтандырылған. Ал, салмақтың қалғаны қара халықтың қалтасына немесе мемлекет бюджетінің үлесіне тиесілі болып шығады. Африка елдерінде табиғат апаттарынан келетін шығыннан халықтың тек 1 пайызы ғана сақтандырылған.
Қазақстанда дәл Африка сценариі көрініс табады. Қандай да бір төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жалпы халық болып жылу жинайды немесе мемлекет қазынасынан, Үкімет резервінен миллиардтап қаржы бөлінеді. Африкамен салыстырғанда, бізде ақша көбірек. Сондықтан, апаттан келген шығын (түрлі жолдар арқылы)қайта орнына келтіріледі.
Мысалы, Қызылағаштағы трагедияда 460 үй топан су астында қалды. Бұл үйлердің біреуі де сақтандырылмаған. Осыдан кейін республикада табиғи апаттардан тұрғын үйлерді сақтандыру туралы сөз қозғала бастаған болатын. Айтылған сөз айтылған жерінде қалды. 2013 жылы Жамбыл облысында қатты дауалдан мыңдаған адам баспанасыз қалып, барлық байланыс желілері үзілгенде Елбасы өз бас болып, міндетті сақтандыру туралы ұсыныс (тапсырма) айтқан болатын. "Әлемнің барлық дамыған елдерінде табиғи апаттардан сақтантыру жүйесі қолға алынған. АҚШ және басқа да елдер табиғи катастрофалардан аз шығынға келіп жатқан жоқ. Бірақ, бұл ел қазынасына салмақ салмайды. Тұрғындарға да жеңілдік жасалған. Неге бізге де бұл механизмді қолға алмасқа?",-деген Елбасы Үкіметке арнайы тапсырма да берген болатын.
Алайда, тәуекел (риск) басым болғандықтан сақтандыру компаниялары бұған ыждахаттылық таныта қойған жоқ. Сондықтан экономика ведмоствасының бастығы Ерболат Досаев мырза "мемлекеттен фонд" құруды ұсынған еді. Нәтижеде фонд та, заң да, қалыпты жұмыс схемасы да жоқ болып отыр.
Мемлекеттік органдағылар бұл табиғи апат жайлы алдын ала білгендіктерін жасырмайды. Алайда тасқынға төтеп беруі тиіс төтенше жағдайлар департаментінде мүмкіншілік жоқ-мыс. Қазақстанның 5 облысында бірдей болған тасқын шығынының салмағы қайтадан халық пен биліктің қалтасын қаға ма? Неге әлі күнге дейін тұрғын үйді сақтандыру механизмі қолға алынбай отыр?
Табиғаттың тосын мінезі тентектік танытқанда, халықтың да, ТЖМ-ІІМ-ның да қандай күйде қалатыны белгілі. Алайда сол ТЖМ-ІІМ жыл сайын орын алатын су тасқындарына әлі де болса сабақ алмай отыр.
Нұргелді Әбдіғаниұлы