Бүгін Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесіне келіп, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов өзінің азаматтық борышын Назарбаев университетінде ұйымдастырылған сайлау учаскесінде атқарды.
Бүгін таң атысымен Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері еліміздегі 9 740 сайлау учаскесіне келіп белсенді дауыс бергенін атап өткен жөн. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Құрлық әскерлерінің, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің, ҚР ҚК әскер тектерінің, “Астана”, “Шығыс”, “Оңтүстік” және “Батыс” өңірлік қолбасшылықтарының әскери бөлімдері мен бөлімшелері, әскери жоғары оқу орындары жеке құрамның ҚР Президенті сайлауына жүз пайыз қатысқаны туралы баяндамалар келіп түсті.
Сонымен бірге қазіргі уақытта шетелде оқып жатқан 400-ден аса әскери қызметші ҚР Президентінің сайлауына қатысып, белсенділік танытты. Айта кету керек, Инчхонда (Оңтүстік Корея) жиынға қатысып жатқан ҚР ҚМ армия орталық спорт клубы таэквондошылар командасының спортшылары уақыттың айырмашылығына орай 5 сағат ерте дауыс берді.
Сондай-ақ Ресей, Беларусь, Украина, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Үндістан әскери жоғары оқу орындарында білім алып жатқан курсанттар мен офицерлер арнайы құрылған сайлау учаскелеріне келіп, бір адамдай дауыс берді.
Бұл үшін алдын ала бару және қайту бағыттарына әуе және темір жол көліктеріне билеттер алынған болатын.
Осылайша, қазақстандық әскери қызметшілерінің әрқайсысы өзінің қай жерде жүргеніне қарамастан, Қазақстан президентінің сайлауына қатысты.
