Қара нар өлең (Алмас Ахметбекұлы поэзиясы туралы)

/uploads/thumbnail/20170708175416133_small.jpg

Иә, Алмас Ахметбекұлы қанша өлең жазды? Қай биікте жазды деп, аш ішекті сөзді, жарау бауыр сұрақ қоюдың өзі намыс, ұят...

Қазақ тарихында «Елім-ай» әні еңіреп, талай ғасырды жылатты, «Алтын Алтай» әні шырқалып, талай дәуірді шулатты, «Ел көшкенде» әні бозынгендей боздап, талай қазақты ата жұртқа көшуге қузады.

Жә, ән артынан ән туды, тарихтан тарих туды. Заманнан үнді саз қалды, өмірден өзге наз қалды...

Демек, біздің Алмастан не қалды?

Айт!

Жаз.

Жаңағы өлмес-өшпес «Елім-ай», «Алтын Алтай» , «Ел көшенде» әндерінің артынан ботадай боздап, тағы да бір тарихи ән, Алмас Ахметбекұлының қаламынан туып, ел аузында айтылып, жұрт көкірегінде жатталып, сол қалды.

Иә, иә көп жазу, көпіртіп шығару қажет те емес, асыл аз, жасық көп, Алмастың «Көк тудың желбірегені» атты ғажайып әнін бұл мақаламда айтпай-ақ қояйын, оған кейін бөлек жазған мақалам бар. Алмасты болашаққа алып қалар, артын қараңғы қылмай жарық қылар ғажайып өлеңдерінің ішінде тағы бір өлең бар, дәл бүгін сол жайлы ой толғап отырмын.

Ендеше, ақынның өзіне жол берейік, өнер-өлеңін оқып көрейік:

                            Ата-баба мекені Іле ме еді,

                             Ілем менің түрленген кілем еді.

                            Қолдан кетіп барасың қайран мекен,

                            Болмайды екен адамның тілегені.

Қ:

                            Қызай, суан, албаным,

                            Өріледе қалғаның.

                            Қашан, қайтып сезерсің,

                            Бұл күніңнің жалғанын.

                            Асқар Алтай әлемнің биігі еді,

                            Бастаулары мұхитқа құйып еді.

                            Бүркітбай мен Сұлубай қайран ұлдар,

                            Өзің үшін қыршынын қиып еді.

Қ:

                            Қарақас пен молқым-ай,

                            Қос Шіңгілдің толқыны-ай.

                            Неге тыныш жатырсың,

                            Тағы да бір толқымай.

                            Дара түнеп жау тосқан,

                            Еске түсер сол күн ай.

                            Тарбағатай, Құлыстай, Ерен тауым,

                            Бұл ғұмырда бітер ме, сені аңсауым.

                            Елде жүріп, жерді аңсап, бізде өтерміз,

                            Арттағы елдің тілеп бір аман-сауын.

Қ:

                             Мәмбет, Жұмық, тоғасың,

                            Жай жатқандай боласың.

                            Сарыарқаны жағалап,

                            Қашан келіп, қонарсың.

Рас-ау, жаңағы тарих жүгін артқан, ел тағдырын, халық мұңын, қазақ сырын алыстан тартақан, қара нар қазақ өлеңдерінің артына күміс қоңыраулы дауысымен, ботасын боздатып, тағы да бір өлең осылайша ерді...

Иә, Алмас Ахметбекұлы саналы ғұмырында сапалы өлеңді аз жазған жоқ. Десе де, мына өлеңнің бөгенайы бөлек, ұлттық бояуы қанық, руды емес, рухани дүниені асқақтата жырлап тұрған, биікке көтеріп тұрған, мықты өлең, әдемі ән.Әлдебіреулер жершілдіктен, рушылдықтан бойы аспаған, талабы төмен тапал өлең деп айтуы да ғажап емес...

Меніңше, Алмас Ахметбекұлы осы өлеңімен де өлең сөздің бір құдыретін артқы ұрпағына ұтықты жеткізіп, ұқыптап ұқтырып отыр. Енді, оны ары қарай артып айтудың, жасытып жазудың қажеті жоқ. Осыған да көңіл айдай жарқырап толады, маңдай дөңгелек болады...

Мен бұл өлеңді Алмас Ахметбекұлының өз аузынан Алматы қаласы Панфилов көшесіндегі бір мүйісте әңгімелесіп тұрған кезде 2000 жылы маусымының 23 жұлдызы күні хатқа көшіріп жазып алған едім, содан бері 15 жыл бойы менің қойын дәптерімде ұйықтап жатты, бүгін оянып, оқырманға жол тартты...

Болат Бопайұлы, этнограф

bolar bopai

Связанные Статьи