"Армиян геноцидіне" қатысты Ресей Президенті В. Путиннің мәлімдемесінен кейін, Түркия Республикасының жаңа Президенті Тайып Ердоған мырза қарсы тарапқа ашық наразылығын білдірді. Ол Путиннен Украинадағы жағдайларға қатысты есеп (жауап) беруін сұраған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлайды.
"Ресей аталмыш оқиғаға қатысты "геноцид" терминін бірінші мәрте қолданып отырған жоқ. Жеке менің наразылығымды тудырғаны - Путиннің осы қадамға барғаны, осы мәлімдемені жасағаны. Украина мен Қырымдағы жағдайды бүкіл әлем білім, көріп отыр. Путин алдымен Украина үшін, Қырым үшін жауап берсін. Сосын барып "геноцид" туралы сөз айтсын",-деді Түкрия Президенті.
24 сәуір күні Түркия СІМ Путиннің "армиян геноцидіне" қатысты мәлімдемесін сынға алған болатын.
22 сәуір күні белгілі болғандай, Ресей Президенті Путин "геноцидсіз әлем" акциясының ұйымдастырушыларына хат жолдаған. Хатта "1915 жылдың 24 сәуірі - тарихтағы ең ауыр, қайғылы, қаралы күн. Бұл күні адамзат тарихындағы ең қорқынышты - армиян халқының геноциді болған күн", делінген.
24 сәуір күні Ресей Президенті Ереванға арнайы келіп, геноцидттің жүз жылдығына арналған шараларға қатысқан. Ол тарихи ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тарихи мұражайларды аралаған. Одан кейін Путин өзінің ресми баяндамасында "халықты жаппай қырып салғандардың әрекеті ешқандай ақтауға жатпайды", деген.
1915-1923 жылдар аралығын Армиян халқы геноцид немесе "ұлы қырғын" деп атайды. Себебі, Осман империясы тұсында дәл осы жылдар аралығында империяшылдардың қолынан мыңдаған армиян ұлты азаматтары қаза тапқан. Түрік дереккөздерінде сол жылдары 200 мыңнан астам армиян халқы қырылған деп көрсетілсе, армиян дереккөздерінде миллионға жуық деп айтылады. Десе де, Түркия билігі бұл қанды қырғынға "геноцид" деген ат беруге қарсы.
Нұрзат Тоғжан