Колумбияның астанасы Богота қаласында жантүршігерлік жарылыс болып, соның салдарынан 20-ға жуық адам қаза тауып, 60-тан аса тұрғын ауыр жарақат алды. Қазалы оқиға полиция академиясында түлектерді марапаттау рәсімі кезінде орын алды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Bbc.com сайтына сілтеме жасап.
Жарылыс жергілікті уақытпен таңғы 9:30 шамасында орын алған. Сұр түсті Nissan Patrol маркалы көлік академияның аумағына баса-көктеп кіріп, қабырғаға барып соғылған екен.
57 жастағы көлік жүргізушісі жарылыс салдарынан оқиға орнында қаза тапты. Деректерге сәйкес, бұл уақытқа дейін күдікті ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Аталмыш оқиғаға байланысты әлі бірде-бір террористік топ жауапкершілікті өз мойнына алмады. Оқиға орнына келіп жеткен президент Иван Дуке бұл жағдайды «жантүршігерлік лаңкестік әрекет» деп атады.
Жарылыстың салдарынан жақын маңда орналасқан мекемелердің терезелері сынып, шамамен 68 адам жарақат алыпты.
Бас прокурор Нестора Мартинестің айтуынша, жарылғыш заттың құрамында пентолит болған. Оны колумбиялық бүлікшілер бұрын да қолданған екен.
Айта кетейік, 2016 жылдың қарашасында Колумбия билігі «Колумбияның қаруланған бүлікшілер тобымен» келісімшарт жасасқаны белгілі.
Колумбияда коммунистер партиясының қарулы күші 1964 жылы құрылған. Сол уақыттан бері бұл елде азаматтық соғыс жүріп жатыр.
Оставить комментарий