Бүгін қайтпас сапарға аттанған Оразақын Асқар ағамыз қызық мінезді адам еді. Баяғыда Бердібек Соқпақбаев «сағат түнгі 10-нан кейін маған ат басындай алтын берсе де жазбаймын» дейді екен. Сол сөзді Оразақын ағамыз да қатты ұстанатын. Түнгі ұйқыны бөліп шаршап жұмыс істеу, артық қиналу, аласұру, өлермендік деген қанында жоқ адам еді. Ондай қаламгерлерді түсінбейтін де, түсінгісі де келмейтін. Қызмет істеп жүрген жас уағының өзінде кешкі уақытты сирек те болса пайдаланып көрмеген екен. Сағат түнгі 22.00 болмай жатып-ақ қалғып-мүлги бастайтынын, амал жоқ ерте ұйықтайтынын, есесіне сағат тура таңғы 4-ті соққанда жаратқан аттай сергек күйде оянатынын айтып еді. Бұл – бала кезден қанына сіңген әдет, дағды болса керек. Қысы-жазы осы екен. «Мен өмір бойы құлқын сәріден таңертеңгі сағат 9-ға дейін ғана жазумен шұғылданғанды әдет қылғам. Таңғы сағат 5-тен 9-ға дейінгі 4 сағат маған молынан жетеді. Сол уақытта өлең жазамын, болмаса кітап оқимын немесе аудармамен шұғылданамын. Қалған уақытта боспын. Қазір де солай. Сондықтан шығармашылығым кеңсе жұмысына, кеңсе жұмысы шығармашылығыма зәредей кедергі келтірген емес. Мен де бастыққа, басқаға бағынышты болған адаммын. Бірақ қызметпен жағаласып өлең жазу, кеңседе жұрттан ұрланып шығармашылықпен шұғылдану деген менде болған емес» дейтін. Міне, сергектіктің, құс ұйқының пайдасы. Бұл бір жағынан салауатты өмір салтын қатаң ұстануының да арқасы. Өмірінде арақ ішіп, темекі шегіп, насыбай атып көрмеген жан. Ойын қалай таза ұстаса, бойын да солай таза ұстаған. Сопы. Сыпа. «Ерігіп қолға шылым ұстамадым, Сарғайтып саусағымды ыстамадым. Қолымды қалам ғана билеп еркін, Өлеңнің өрнектедім нұсқаларын» дейді өзі бұл жайында.
Оразақын ағамыз көзі жұмылғанша жүйрігін жорғаға айырбастаған жоқ. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген сол шығар. Талай рет ауыр артеллерия – прозаның ауылына ат басын бұрмақ болғанмен, онысы бәрібір дастан болып шығатынын айтып еді. «Жазбақ боп бір әңгіме көлемді етіп, Кейбір күн кәдімгідей көргем бекіп. Қағазға қалам алып төнгенімде, Байқамай бастай берем өлеңдетіп» дейтін өзі бұл жайында.
Ал енді ақын не күндіз не түнде қалам ұстамаса да, өмірі кеңсе жұмысын істемей, шығармашылықпен қана айналысқан, күнделікті тіршілігі тек жазуға құрылған қаламгерлерден артық болмаса, кем еңбектенген жоқ. Басқасын айтпағанда, 27 баспатабақ болып шыққан қайталанбас «Қазақтың қара өлеңдері» неге тұрады?! Бәрін ерінбей-жалықпай ел аузынан жинаған. Енді орыстың частушкаларын, ұйғырдың халық хошақларын, қырғыздың халық ырларын жинап, өзіне ұнағандарын қазақшаға мөлдіретіп аударды. Ішінде қарашай-балқар, тибет, моңғол, корейдің халық жырлары да аз емес. Тіпті майя тайпасының жырлары да бар. Тек осылар үшін Ғылым академиясының кітапханасын, Ұлттық кітапхананы түгел сүзіп бітірген.
Оразақын Асқар өмірінде мансапқа, басшылық қызметке қызықпаған, құрығанда екі-үш адамды билеп-төстеу «бұйырмаған», «ең бастысы – жазу» деп санаған адам. Бұл бір жағынан ақынның мінезінің алабөтен жұмсақтығынан да болар. Өмірі асығып-аптықпайтыны былай тұрсын, тіпті ашуланбайтын адам еді.
Оразақын ағамыздың бір құпиясы (бәлкім, бастысы да болар) – қаламының көптігінде еді. Қаламды қарудан бетер әспеттейтін. Аз да, көп те емес, 1000 (бір мың) автоқаламы бар еді. Бірі - біріне ұқсамайтын. Бәрін бір шабаданға салып, тығып ұстайтын. Көбісінің еңбегі сіңген, өзімен бірге тер төгіп, жұмыс істеген. Ескі болса да тастамайтын. Автоқалам жинау қанына сіңген. Хобби. Сол әдетін жақсы білетін жолдастары, таныстары туған күнінде тек қалам сыйлайды екен. Шет елге шыққандары ақын үшін әдемі қалам әкелетін болған. Ал марқұм Орекең үшін автоқаламнан асқан сый-сияпат жоқ еді...
Алла алдыңыздан жарылқасын! Жаныңыз жәннатта болсын, аға!
РS. Ақынмен қоштасу ертең Қазақстан Жазушылар одағында сағат 10.00-де өтеді.
Оставить комментарий