Ұстаз – өмір бойы шәкірт бойынан жақсы қасиеттерді іздеуді қажет ететін кәсіп. Ол сонысымен құнды. Ұлт руханиятын дәріптейтін, оның құнын білер шәкірт тәрбиелеу – біздерге парыз. Біліктілік – ізденумен, ерінбейтін үлкен еңбекпен келетін тәжірибелердің нәтижесі. Осының дәлелі ретінде айтарымыз – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң дайындық кафедрасында дәрістен тыс халқымыздың ұлттық руханиятын еселеуге, оны насихаттауға арналған іс-шаралар дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Жастардың рухани дамуына, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына қалыптастыруда бұл шаралар өте пайдалы, өздерінің бойындағы қабілеттерін ашуда, көпшілік ортада өзін жақсы жағынан үлгі ретінде көрсете білуде, қоғамдық шараларды ұйымдастыра білу сияқты әр түрлі қырынан танылады. Қызықты сайыстар, білім бәсекелері, өнер фестивальдары жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерге айналған. Кафедрадағы «Шамшырақ», «Жас тарихшы», «Темірқазық», «Өлкетану», «Жауқазын», «Тілтаным»,т.б. үйірмелер бар, олар өткізетін кештер мен тәрбиелік сағаттар тақырып жағынан да, мән-мағынасы жағынан да терең, маңызды. Барлығы жас жеткіншектерге туған елдің мәдениетін таныстыру, халқымыздың құнды руханиятын құрметтеу, танымал тұлғалардың өмірі мен еңбектерін үлгі ету, ғылым-білімін сапалы игерту мақсатында жоспарлы істер атқаруда. Солардың бірі – «Шамшырақ» клубы. Бұл клубтың мақсаты – талантты жастарды шығармашылыққа баулу, әдеби-мәдени бағыттағы білімдерін көтеру, халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттау. Сондай бағытта ақын-жазушылармен қызықты кештер ұйымдастыру, сыр-сұхбат өткізу, жатақханада өзара әр түрлі тақырыптарда пікірталастар ұйымдастыру шаралары өткізіледі. Клуб мүшелері – әдебиет пен өнер саласын таңдаған жастар, олардың құрамында бұрынғы түлектер де бар. Олар әр түрлі оқу орындарында оқып жүрген, кейбірі оқуларын бітіріп елге қызмет етіп жүрген түлектеріміз. Кездесулерге келіп өздерінің осы жолдан қалай өткенін, бүгінгі жетістіктеріне қалай жеткендерін артта келе жатқан іні-қарындастарына сабақ ретінде ақыл-кеңестерін айтады, шығармашылық байланыс орнатады. Кафедрада негізінен шетелден келген қазақ балалары оқығандықтан қоғамдық ортаға бейімдеу, өзін еркін сезіну, шығармашылық қолдау көрсету біздің басты назарымызда болады. Сондай бағытта биылғы шәкірттеріміз де клуб аясында ауқымды істер атқаруда. Ең елеулі іс – клубтың ай сайынғы қабырға газетін шығару қолға алынды. Онда жас талантты тыңдаушылардың тырнақалды туындылары жарияланып тұрады. Соның алғашқы нөмірі ел Тәуелсіздігі мерекесіне арналып, «Алаш үні» деген атпен шықты. Онда кешегі ұлт көсемдерінің жалынды сөздері, суреттері ілініп, соңынан бүгінгі сол арыстарымыздың ізін жалғастырушы жастарымыздың жалынды жырлары мен толғау-сөздері жарияланды. Алдағы сандар да жастардың шығармашылығына арналып отыр. «Муза», «Жас прозаик», «Кел, сырласайық», «Қал қалай, жас дос!», «Мен – кафедрамның үздігімін» деген айдарлар арқылы тыңдаушылардың шығармашылық, оқу-тәрбие мәселелері туралы мәселелер назарды болып отырады. Бұл талантты жастардың шығармалары студенттер мен оқушылар арасындағы Ә.Нұршайықов атындағы республикалық шығармашылық байқауға жылда қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сыйақыларға ие болып келеді. Биылғы жылы да бұл байқауға қатысып, кафедрамыздың түлегі,қазіргі СДУ-дің филология факультетінің студенті Гүлден Әзілбек 3-орынды жеңіп алып, талантының ұшқырлығын танытты.
Ж.С.Әділханова
ЖОО-дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы,
«Шамшырақ» клубының жетекшісі
Оставить комментарий