Біліктілік – ізденумен, ерінбейтін үлкен еңбекпен келетін тәжірибелердің нәтижесі. Жастарды тәрбиелей отырып, өз елінің патриоты болу міндетін жүктеу – бізге аманат. Әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанға келіп, бір шаңырақ астына жиылып, жоғары білім алып жатқан жастар өнерлерін шыңдап, ғылымға жол ашып отырғандары бізді шын қуантады. Әсіресе, АИР келіп білім алып жатқан жастардың ықыласы ерекше. Олар аз уақыттың ішінде тілді де меңгеріп, қоғамға еркін араласып кетеді.Себебі, қазақ халқының ұлттық мәдениетіне, тарихына, дәстүріне қызығады. Қазақ тілінің 30 мыңға жуық сөзі араб-парсы тілдерінен келгендіктен оларға тіл меңгеру оңай, әрі қызықты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң дайындық кафедрасында шетелден келген азаматтар тілдік ортаға тез бейімделіп, қалаған мамандықтарын игеру үшін мұнда дәрістен тыс атқарылатын тәрбиелік және қоғамдық іс-шаралар көп, олар қоғамымызға қосылған ауқымды мәдени бағыттағы істерінің маңызын арттыра түспек. «Тәрбиесіз берген білім-қауіпті» деген Әл-Фараби бабамыздың сөзі рас. Шәкірт бар жақсылықты оқу орнының қабырғасында қалайды, таланты ашылады, ортаға бейімделеді, шыңдалады. Халқымыздың ұлттық руханиятын еселеуге, оның дәріптеуге арналған іс-шаралар жастардың рухани дамуына, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына қалыптастыруда шын мәнінде мағыналы, пайдалы деп айта аламыз. Қызықты сайыстар, білім бәсекелері, өнер фестивальдары жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерге айналған. Кафедрадағы пәндік бағыттағы клубтар мен үйірмелердің жоспарына сай өткізілген кештер мен тәрбиелік сағаттар тақырып жағынан да, мән-мағынасы жағынан да терең, маңызды. Солардың бірі – «Шамшырақ» клубының ұйымдастыруымен өткен әдеби кештер мен айтулы тұлғалармен кездесулер. Клуб аясында қаламгерлермен, журналистермен, қоғам қайраткерлерімен сыр-сұхбат өткізіп, олардың өмірлері мен еңбектегі жетістіктерін шәкірттерімізге үлгі етудеміз. Сондай кездесудің ықпалымен ақын Маралтай Ыбырайымұлымен, тарихшы-ғалым Берекет Кәрібаевпен, жазушы Болат Бодаубайұлымен өткен тартымды кештерді тілге тиек етіге болады.Сонымен бірге кафедрада «Жас тарихшы», «Темірқазық», «Өлкетану», «Жауқазын» сынды үйірмелер жұмыс істейді, олардың барлығы жас жеткіншектерге туған елдің мәдениетін көтеру, таныстыру, ғылым-білімін сапалы игерту мақсатында жоспарлы істер атқаруда. Шетелден келген азаматтар қазақ елінің тарихын, әдебиетін, ғылымын біліп, танып, дамытсын деген мақсатта жасалынып жатқан істер мұнымен шектелмейді. Мәселен, жыл сайынғы «Атамекенім-Қазақстан» атты өнер фестивалі талантты жастардың жолын ашады. Мұнда әр елден келген жастар өз өнерлерімен сынға түседі. Осы сайыста ақындық қырлары, әншілік өнерлері, суретшілік, би, сахналық көріністен актерлік шеберліктері сынға түсіп, жастардың жан-жақты ашылуына мүмкіндіктер туады. Осы сайыстарда көзге түскен талапкерлерді қаламыздың мәдени ошақтарында болып жатқан түрлі шараларға қатысуға қосамыз. Жыл бойына білім мен бірге мәдени іс-шараларға, түрлі мұражайлар мен театрларға барып, рухани даму үлгісін жастардың бойына сіңіруге тырысамыз. Оқу мен тәрбиеден басқа қолдары бос уақытта қаладағы түрлі мәдени мұражайларға, театрларға бару әдетімізге айналған. Осы ретте Қазақстанның Орталық мұражайына, заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың мұрымдық мұражай-үйіне, кемеңгер ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының мұражай-үйіне,университеттің тарихи мұражайына барып, жастар зор әсерге бөленеді. Онымен бірге, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрына барып, ондағы түрлі қойылымдарды көріп, талқылап, көзқарастарының жан-жақты кеңеюіне зор ықпалды болдық. Фаультетімізде тек қазақ жастарымен бірге мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік азаматтар осындай танымдық білім алып, қазақ тілін үйреніп, қазақтың салт-дәстүрімен танысып,тарихын, мәдениетін игеруде. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып, білім алу – кез-келген жастың арманы. Оған дайындық кафедрасының білікті ұстаздары кәсіби білім беріп, жоғары деңгейде оқуға түсуге мұрындық болуда. Білімді жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан, жастар білімді сапалы алып, ұлттық мәдениетімізді бойына сіңірсе екен дейміз.
Ж.С.Әділханова, Ө.Сандықбаева,
ЖОО дейінгі дайындық
кафедрасының аға оқытушыcы
Оставить комментарий