Алматыда белгісіз біреулер көшеде кетіп бара жатқан бойжеткенді буындырып, тонап кеткен, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Блогер Думан Жұмаділов өзінің Facebook парақшасында екі жігіттің бір қызға тап беріп, буындырған видеосын жариялады. Видеода көрінгендей, олар қызды буындырып, кейін шубасын шешіп сөмкесімен бірге алып кеткен.
«Қыздар абайлап жүріңіздер! Жігіттер де. Жетісу микроауданы 4, Казком банкінің маңы», - деп жазады блогер.
Видеодағы кадрлардан оқиғаның түнгі 1:30 шамасында болғаны көрінеді. Бір жігіт қызды буындырып, ол есінен танып қалғаннан кейін жерге жатқызып шубасын шешіп алған, ал оның сыбайласы бергі шетте күтіп тұрған.
Алматы Полиция департаментінде бұл жайтқа байланысты пікір білдірді. Белгілі болғандай, зардап шеккен әйел аман қалған.
«15 ақпанда түнгі уакқытта 35 жастағы әйелге қарақшылық шабуыл жасалған фактісі бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 192 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Осы қылмысты шешуге бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру үшін жедел-тергеу тобы құрылды: қылмыстық іс ашылады, кінәлі адамдар лайықты жазаларын алады.
Сонымен қатар, қарақшылық шабуылдан әйел адам зардап шеккен жоқ, ол дәрігерлердің көмегіне жүгінбеді: оның өмірі мен денсаулығына ештеңе қауіп төндірмейді», - деді Алматы полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Салтанат Әзірбек.
Ұсынған: Назерке Лабихан
Оставить комментарий