«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген...»

/uploads/thumbnail/20190301100147057_small.jpg

2019 жылдың 27 ақпан күні білімнің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінде Филология және әлем тілдері факультеті Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Мен – қазақпын» атты жыр байқауы өтті. 

Аталмыш байқау Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл және «Мен қазақпын» поэмасының жарық көргеніне 55 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

ҚазҰУ

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген, - деп жыр жазып, жүрегімізде ұлттық рухты оятқан.

Ақынға деген құрметтің орасан болғандығы сонша, 4-11 сынып арасында ұйымдастырылған шараға жүз елуге жуық мектеп оқушылары қатысып, бақ сынасты. 

ҚазҰУ

Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – ақын жырларындағы патриоттық сезімді жастардың санасына ұялату, ұлттық рухты көтеру болса, сол мақсат орындалды деуге болады. Себебі, өрімдей ұландардың өршіл рухта өлең оқып, бәйгеден оза шапқандары өте көп болды. Осы кеште «Мен – қазақпын» поэмасының қазақтың рухына сөзбен тұрғызылған ескерткіш екенін жастар тағы бір дәлелдеді. 

Биыл ҚазҰУ-дың құрылғанына 85 жыл толуына байланысты байқауда үздік өнер көрсеткен талапкерлерге мерейтойлық осы санмен астастырыла 85 жүлделі орын (І, ІІ, ІІІ орындар және алғыс хаттар) тағайындалды. Кафедра аясында құрылған «Лингвоарна» ғылыми-зерттеу орталығының атынан ақшалай, заттай сыйлықтар берілді. Биыл мектеп бітіретін түлектерге еліміздегі маңдайалды оқу орны ҚазҰУ-ге оқуға түсулеріне игі тілектер айтылды. 

Арнау айтылып, қонақкәде ретінде оқушылардың өз өнерлерін тарту еткен, әнмен, күймен астасқан поэзия кеші оқушылардың ойында ұзақ сақталары сөзсіз.

Омар Балнұр, Камал Ақерке

Оставить комментарий

Связанные Статьи