Ауруханадағы науқастардың жанында әйелдер жүреді. Олар – аналар, әпкелер, әйелдер немесе медицина қызметкерлері. Ер адамдар әдетте бір келеді де, шу көтеріп кетеді. Аурухананың, дәрілердің ақшасын табатынын айтып, жоқ болады.
Әйелдер мен еркектердің айырмашылығын осыдан-ақ байқауға болатын шығар... Жақсы көретін адамының жанында соңына дейін болу, онымен бірге қиналу, қуану – тек әйелдердің қолынан келетін іс. Соғысқа кеткен, түрмеге қамалған баласын күтуде шыдамдылық танытатын да – тек әйел.
Күреседі олар... Қиындықтарға, түрлі болжамдарға қарамастан...
Әйелдердің жаны тақырыбында сөз қозғарда мен 10 жыл бойы бірге жұмыс істеген Наталья Александрқызын еске аламын. Жас дәрігерлердің бәрі оны осылай атайтын. Бұл қатал медбикенің сеніміне кіріп, құрметіне бөлену – қиынның қиыны еді. Алғашында мен де ренжитінмін. Уақыт өте келе оның дағдысын байқап, құрметім күннен күнге арта берді.
Ол кезекші болған күндері біздің бөлімді ерекше тыныштық билейтін. Мен де жұмысымды еркін істеймін, аурулар тарихын үздіксіз жаза аламын, себебі Наталья Александрқызы барлық мәселені уақытылы жауып отыратын. Егер түн ортасында шақыратын болса, онда бір қиындықтың туындағаны.
Оны күйеуі тастап кеткен. Бұл жағдай бүкіл аурухананың әңгімесіне арқау болды. Әрине, әйелі қашан да кезекшілікте жүреді. Балаларымен ұзақ уақыт бойы жалғыз тұрды. Жұмыс, жұмыс, тек қана жұмыс. Мұндай әйелдер ауруханамызда көп болды. Тіпті суасты сүңгуір қайығындағы өмір іспеттес. Бір команда, бір қайық.
Ажырасқан соң 7-8 жылдан кейін ауруханаға лейкозбен бір науқас түсті. Хал үстінде... Ал Наталья Александрқызы оған қамқорлық танытты, өзі тамақтандырды, өзі киіндірді, жуындырды. Балалары келіп тұратын. Анықталғандай, әлгі науқас Натальяның күйеуі екен. Ауырып қалған соң жас әрі сұлу жары тастап кеткен екен. Мұны естіген Наталья оның үйіне барып, ауруханаға әкелді.
Бірнеше күннен кейін науқас өмірден өтті. Наталья барлық жоралғыны өзі жасады, жерлеу рәсімін өзі қадағалады.
Өзгелер оны сынай бастады: «Ай ақымақ-ай!», «Несі бар?», «Мен болсам, ешқашан да қарамас едім» тағысын тағы. Ал біздің медбикеге бәрібір еді. Ол тек сүйді, жақсы көрді.
Біз, ер адамдар, осылай сүйе аламыз ба? Жоқ, әрине.
Ер адамның махаббаты тез қайтады, иә, қиналар, бірақ тез суып кете алады. Ал әйелдің махаббаты, сезімі ешқашан өшпейді, бәрі жүрегінде сақталады, мәңгіге!
Эрик Әбенұлы, дәрігер-хирург
Ұсынған: Гүлім Жақан