Екі күн қатарынан Кремльде концертін берген Димашқа тыңдармандарының бірі дәл өзіндей қуыршақ сыйға тартты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Димаштың Ресейдегі жанкүйерлерінің бірі, Саха (Якутия) елінің қолөнер шеберіне сүйікті әншісінің бейнесіндегі қуыршақты жасауға тапсырыс берген екен.
Қолөнер шеберінің айтуына қарағанда, ол қуыршақты жаңа жылдың алдында жасап бастаған екен. "Лена есімді Димаштың жанкүйері Димаш Құдайбергеннің суретіне қарап, қуыршағын жасай аласыз ба деп сұрады. Суретін жіберші дедім. Суретін көріп, бет әлпеті өте сымбатты екен. Оп-оңай жасаймын деп ойладым. Сөйтсем, қателесіппін. Димаштың қуыршағын жасау барысында бет әлпетін үш рет ауыстыруға тура келді. Жұмыс барысы тым ұзаққа созылып кетті. Қуыршақты қыста Мәскеуде жасап бастадым да, сонау Бали аралдарында әрең бітірдім. Тіпті, бұған дейін қуыршақтарымды күйдіріп жүрген пешім де істен шығып, жаңасын сатып алдым. Және ең таң қалатыны дәл мен тұратын Убудеде мата сататын дүкен жоқ болып шықты. Айналадағы барлық мата сататын дүкендерді аралап шықтық. Бәрі де бірдей. Ешбір жерде маған қажетті мата жоқ. Сөйтіп, инстаграм желісінде қуыршақтарға киім тігетін қолөнер шеберінен мен тұратын аймаққа жақын маңдағы Денпасар атты қалада мата сататынын білдім. Сөйтіп, кештетіп, бір көшенің бәрі мата дүкендеріне толы Денпасар қаласына да жеттік. Сөйтсек, кеш барған екенбіз, дүкендер жабылып қалыпты. Сосын әншінің киіміндегідей өрнектерді тігіп, тастармен безендіру үшін асай-мүсей сататын дүкен іздеп шабылдық.
Дәл сол күні кеште Ресейден тапсырыс берген қуыршаққа лайықты, түсі дәл келетін қозының жүні келді. Тым құрығанда, осыда жолым болды. Мұндай боларын білгенде бәрін алдын-ала Ресейден тапсырыс берер едім. Дәл осындай әдемі жерден керегіңді таппайсың деп кім ойлаған дерсің?
Қуыршақ дайын. Бетін боядым, шашын жабыстырдым, костюмі тігілді, аяқ киімі де дайын. Бірақ бірнәрсе жетіспей тұрды. Жолдасым жергілікті жерде танысқан суретшіні есіме түсірді. Сөйтіп, әлгі суретші сурет өнеріне қажетті заттар сататын достарының дүкенін айтты. Дәл сол жерден костюміне қажетті жылтырды таптым.
Сосын бақытыма орай енем заттарының ішінен алтын түстес жіп пен өрнек тауып алды. Кішігірім ғажайып дерсің.
Қуыршақтың шашын қию үшін жергілікті шаштаразға барып, өткір қайшысын сұрауымызға тура келді.
Сосын қуыршақты Мәскеуге өзімен бірге ала кетуге келісім берген адамды таптық. Тапсырысты тым ерте алып кететіндіктен, күндіз дұрыстап суретке түсіріп те үлгермедік. Сөйтіп, ымырт кіре Димаштың қуыршағына көтеріп алып, суретке түсіретін әдемі жер іздеп айналаны шарладық. Жергілікті тұрғындар кішкентай Димаштың фотосессиясына қызыға қарап жүрді.
Бұл қиындықтарды оқу сіздер үшін қызық шығар. Бірақ бұл сынақ бөтен елде жүрген адам үшін Балиді жақсы тануға көп септігін тигізген сынақ болды.
Осы жазбаммен маған сенім артып, қуыршаққа тапсырыс берген Лена мен барлық фан клубтарға алғысымды білдіргім келеді. Бұл тәжірибе маған өмірлік сабақ болды. Дарынды Димаштың өнерімен танысқаныма өте қуаныштымын» деп жазды қолөнер шебері өзінің инстаграмдағы парақшасында.
Якутиялық қолөнер шебері "Тапсырысты жібермес бұрын Димашпен суретке түсіп үлгердім" деп қуыршақпен түскен суретін де салған екен жеке парақшасында.
Ұсынған: Мақпал Сембай
Оставить комментарий