Тікұшақ апатынан қаза тапқан екі әскеридің тұлғасын анықтау мүмкін болмай жатыр. Қызылорда облысында. Апат орнынан бүгін жеткізілген үш марқұмның денелері зерттеліп жатыр. Сараптама жүргізіп жатқан мамандар, әсіресе, екі әскеридің тұлғасын анықтау аса қиындық тудыратынын айтады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасай отырып.
Рахымжан Әліп, Қызылорда облысы бойынша сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары: 6-ның тұлғасы анықталды. 7-не тұлғасын анықтау жұмыстары, сараптама жұмыстары тағайындалды. Енді бөлшектеніп кеткен 2 мәйіт бар, соны құрастырамыз, қараймыз, жеке басын анықтаймыз. Ерекше белгілерін анықтаймыз, киімдері бойынша қараймыз. Сол бойынша анықтау жұмыстарын жүргіземіз - дейді.
Тікұшақ апатынан қаза тапқан 13 әскери қызметкердің де денелері Қызылорда қаласындағы сот-сараптамалық орталықтың мәйітханасына жеткізілген еді. Кім екені нақтыланғандарды бүгін облыстық аурухананың мәйітханасына ауыстырып жатыр. Жоспар бойынша оларды ертең туған жерлеріне жіберу керек. Ал, сараптама жүргізіліп жатқандары толық танылған соң қайтарылмақ. Апат орын алған Жалағаш ауданында қазір төтенше жағдайлар департаменті мен әскери әуе күштерінің сарбаздары тікұшақ қалдықтарын жинауда.
Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыраған болатын. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі — 13 адам қаза тапты.
Ұсынған: Фариза Жомартқызы