Нұр-Сұлтанда бесқабатты жатақхана өртенді

/uploads/thumbnail/20190502165953227_small.jpg

Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақханалардың бірінен өрт шығып, 350-ден астам адам эвакуацияланып, 20-дан астам адам медициналық көмекке жүгінді. Ол туралы журналистерге ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов хабарлады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2 мамыр күні сағат  10:39-да Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан бес қабатты жатақханадан өрт шыққаны туралы дабыл қағылды. Өрт екінші қабаттағы аумағы 20 кв.м болатын бөлмеден шыққан. Өрт сөндірушілер жалынды  11.05-те ауыздықтап, 11.15-те толығымен сөндірді», - деді Нұрахметов.

Жатақханадағы өрт

Автобаспалдақтың көмегімен ғимараттан 32 адам құтқарылды. «Жатақханадан 350 адам өздігімен эвакуацияланды, медициналық көмекке 20-дан астам адам жүгінді, оның 14-і бала», - деп түсіндірді ІІМ өкілі.

Өрт сөндіруге қалалық ТЖ департаментінен барлығы 66 адам, 18 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Зардап шеккендерге жедел медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері болды.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, оқиға орнына барған қала әкімі Бақыт Сұлтанов ғимараттың жағдайын анықтап, зардап шеккендерге көмектесуді тапсырған. Өрттің себебі анықталуда.

Оставить комментарий

Связанные Статьи