Литва мемлекетін алдағы бес жыл бойы басқаратын жаңа президенттің есімі жексенбі күні де анықталмады. Сайлауда үміткер болған тоғыз қатысушының да дауыс саны орта есеппен 50%-дан асқан жоқ. Екі аптадан кейін болатын екінші айналымға бірінші кезеңде оза шапқан екі үміткер ғана өтеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Рамблер сайтына сілтеме жасап.
Сайлау комитеті өкілдерінің айтуынша, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні 54-жастағы экономист Гитанас Науседа 31,18% дауыс жинаса, 44-жастағы қаржы саласының экс-министрі Ингрида Шимоните 27,16%-ға ие болды.
Сайлауға үміткер болған Литва елінің премьер-министрі 48-жастағы Саулюс Сквернялис үшінші орында қалғаны үшін өкілеттілігін тоқтатуға шешім қабылдады.
–Саясаткер ретінде бұл жеңілісті халықтың берген бағасы деп білемін және онымен толыққанды келісемін. Премьер-министр ретінде өкілеттілігімді тоқтатамын,-деді Сквернялис.
Көптеген саясат маңында жүрген адамдардың айтуынша, ол соңғы он жылда елдің экономикасын көтеруге белсене атсалысқан азаматтардың бірі.
Алдағы уақытта Литваның болашақ президентінен халық үлкен үміт күтіп отыр.
Аударған: Бек Байтас
Оставить комментарий