Жаз. Шілденің ыстық күндерінің бірінде кезекті еңбек демалысымда немерелерімді ертіп, жаңа астанамыз маңындағы елді мекендерді аралаудың сәті түсті. Жаңа астанамыз бас қала болғанмен, әлі жас қала. Неге десеңіз, дәл алып шаһар Алматыдағыдай иін тірескен үйлер мен көлік кептелісі әлі-әзір байқалмады. Қазір Алматының іші түгілі сырт жақтарында, қала маңының өзінде уцине шаншар жер табу қиын. Аспанмен тілдескен биік үйлер мен зәулім ғимараттардың қалқасынан Алатауды әзер көретін болдық. Қалай десек те, біздер үшін кезінде жасыл қала, жастар қаласы, білім ордасы Алматымыз асыл қала болып жүрегімізде мәңгі қала береді.
Сонымен, қаладан көп ұзамай-ақ саздың иісі аңқыған далалы жазық жерлер басталды. Теп-тегіс даңғыл жолмен машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Енді бірде, тас жолдың екі жақ қапталын бойлай салынған архитектурасы ерекше сәнді үйлер қатары басталып, лезде артта қалып жатты. Тас жолмен жеңіл машина зулап келеді, байқаймын, бұл жерде қамыс араласа қалың шөбі жайқалған шабындық жерлер жеткілікті екен. Әрине, бір мезгіл қаланың шуынан алыстап, таза ауа, көгалды жерде тыныстап, демалғанға не жетеді!
Айтпақшы, негізгі мәселеге ауысайын. Алыстан күнмен шағылысқан биік мұнара көрінді. Ә дегенше, жол бойында орналасқан ғимаратқа қарай бұрылып келіп тоқтадық. Көліктен түсіп, темір қоршауға жақындай түскенімізде мұражай қызметкері бізді қарсы алып, таныстыруды бастап та кетті. «Бұл – «АЛЖИР» мұражайы, кезінде лагерь болған», - деп таныстыра бастады мұражай қызметкері. Шаңқайған күннен көзімізді көлегейлей жүріп, биік жалтыраған төбесі доғал бағанға қарап, біраз аялдадық. Темір тор есік арқылы аулаға кірдік. Сол жақ кіреберісте тозығы жеткен (ескіден қалған деген мағынада), қоңыр бояумен сырланған, ырсиған ағаштарының қиюы кеткен ескі вагон тұрды. Кәдімгі өзіміз соғыс туралы фильмдерде көретін вагонымыз. Мәселе вагонның ескілігінде емес, ең қасіреттісі де, қорқыныштысы да ішіндегі көріністе болып тұр. Вагонның маңдайшасында осы лагерь туралы қысқаша мағлұмат та жазылыпты. Онда осы вагондармен кезінде жазықсыз жазаланғандар, Отанын сатқандардың әйелдері, қысқасы, тұтқындар тиеліп келгендігі, олардың азапты жағдайлары туралы айтылыпты. Жансыз тас мүсіндер демесеңіз, аядай тар вагонның ішінде олардың осыншама аянышты халде отырғанын, қиыншылықтарын айтып жеткізу оңай емес. Олардың бірі – жантая құлап, бірі – бүрісіп бүк түсіп жатса, кейбіреуі – бір-біріне тығыла әзер отырған бейнелерін көргенде, алғашқыда тірі адамдар отырғандай әсерде шошып қалдық. Аянышты түрлеріне, сырт бейнесіне (ішкі моральдық күйзелісі өз алдына) көз тоқтатып қарап тұрудың өзі өте ауыр және қорқынышты болды.
Ортада темір пеш тұр, мұржасы төбе арқылы шығарылған екен. Осы пешті жағалай жайғасқан бұл бейшара әйелдердің ауыр халдегі күйін адам баласының басына бермесін. Үстілеріндегі жыртық-жамау киімдері жұқа, аяқтарында тозығы жеткен етік, бәтіңке бәрі - сол уақыттарда тұтынған, пайдаланылған заттары сол өмірді айна-қатесіз айғақтайды. Әйелдердің аянышты бейнелерін сол мезетте, дәл сол күні өлі денелерін қатырып қойғандай көрінді маған. Бәрінен де аяныштысы – олардың жанарларындағы, бет-әлпеттеріндегі мұң! Бұл тек тас мүсіндер ғана, енді шынайы түрін елестетіп көріңізші. Биік мұнара үстінде «күзетші» отыр, жанында иті де бар. Вагон ішіндегі ауыр көріністен соң жүрек сыздаулы ішке кірдік. Мұражай қызметкері кірген бетте кинозалға бастап барды. Жайғасқан соң деректі фильм көрсетілді. Вагондағы көргеніміз бер жағы ғана екен, мына сұмдықты көре отырып, онсыз да жетім көрсем жылай салатын мен бейбақ, көз-жасымды көрсетпеуге тырыссам да болмады. Немерем әжесін жұбатып әуре. Бес-алты жастағы сәби не түсінеді, оларды сыртқа шығарып жібердік. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» дегендей сол қасіретті жылдардан аман қалған бірен-саран адамдар, олардың ұрпақтары сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Осы деректі фильмде ақ шашты қария кісі: «Бала - бауыр етің, бір әйел баласын сағынып жыласа, тұтқындағы үш жүз әйел түгел қосылып боздағанда аспаннан қара нөсер жауғандай болатын» деп, сол өзінің анасы да балаларын аңсап сағынғанын, уайымдап, солар үшін тірі қайтуды мақсат етіп, жанкешті өмір сүргендерін көз-жасын көл етіп отырып еске алды.
Осындай қайғылы естеліктерді тыңдаудың өзі өте ауыр болды. Бүкіл денеңе мұздай су төбеңнен төмен қарай құйылып тұрғандай әсерде тоңа бастадым. Мұражай ғимараты ішінің салқындығынан емес, мына жантүршігерлік көріністен тұла бойым түршігіп, екі тізем дірілдеп әзер аралап шықтым. Далада шілде айы, аптап ыстық. Мына сұмдық зұлматтың ызғарынан дүрсілдеген жүрек тұсымызды қолмен басып, қалшылдаған күйде тысқа шықтым. Мұражай ауласын араладық. Мұражайдың төр жақ тұсына сол қасіретті жылдардың куәгерлері ретінде адамдардың тас мүсіндері қойылыпты. Арық, қалжыраған, тек құр сүлдерін сүйреткен түрлері өте аянышты бейнеленген екен. Мұражай ауласының шетінде төрт қабырғасы кірпіштен қаланған жаппа там тұрды. Ішін аралап көрмек болып жақындап келдік. Есігі жабық екен, терезелері кішкене әрі биік болды. Кіруге де дәтіміз бармай, алыстай бергенімізде, азаптан шаршап қажыған аналардың балаларын сағынып, аңсап аңыраған дауыстарының зарлы сарыны естілгендей артыма қарайлай бердім. Сол жаппа тамды жағалай бірнеше төмпешіктер көрініп жатты. Бетімізді сол жаққа бұрып, жазықсыз опат болғандардың, зардап шеккен аналардың жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын айтып, бір сәт тұрдық. Қолдан жасалған зұлматтың зардабын тартқан жандардың ауыр тағдырын өз көзімізбен көріп, аяныштан зілдей ауыр ой салмағын әзер көтере тұрып, мұражай ғимараты алдында баласынан, отбасынан ажырап, зар еңіреген аналардың рухына тағзым еттік. Қасіретті қара вагон жаққа үрейлене қарап қойдым. Олардың рухтарымен үнсіз «қош айтысып», қалаға қарай бет алдық. Немерелерім бетіме түсініксіз көзбен қарап қояды. «Сендер кейін білерсіңдер, әлі баласыңдар» дедім іштей.
Мен жол бойы ойға қалдым. Осы өмірімде оқығандарым мен көрген фильмдеріміз мына трагедиялық көріністің жанында аса қасіретті еместей болып көрінді маған. Себебі, оқыған бір бөлек те, көзіңмен көрген одан да қорқынышты ма деймін.
Жасымыз ұлғайған, өмірдің азды-көпті ащы-тұщысын көріп жүргеніміз бар болса да, мынадай тағдыр тәлкегінің тауқыметін, азабын тартқан жандардың жағдайларын өз көзіммен көргеннен кейін, жүрек түкпіріндегі аяушылық сезімім еріксіз қолыма қалам алдырды. Өзім ғана біліп қоймай, өзгелер де біліп жүрсе деген ой менікі.
Өзім тарихшы, я саясаткер де емеспін. Қарапайым көптің бірі және ұрпақ өсіріп отырған ана ретінде айтарым бар: Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіріп жүр! Рас, қазір тоқшылық заман, бәрі бар. Шүкір Аллаға! Ел іргесі тыныш, тәуба дейміз. Әйтсе де, жастарымыз сол тоқшылықты, тыныш, бейбіт өмірдің мәнін, баршылықтың қадір-қасиетін терең, кеңінен түсінсе ғой. Мың рет естігеннен, бір рет көзбен көрген артық шығар. Астана қаласының іргесінде ашылған «АЛЖИР» мұражайын өз көзімен көрген адам (мейлі, жас болсын, жасамысы болсын) азапты өмір мен азат өмірдің парқын білер еді. Қуғын-сүргінсіз, мамыражай өмірді, еркіндігімізді бағалай білсек, соны жастар, жалпы адамзат баласы терең түсінсе ғой деген ой мазалай берді. Заманымыз тыныш, еліміз еркін. Еркін елдің ерке қыздары, азат елдің азаматы болғанымыз үшін біз бақыттымыз. Бақытымызды бағалай білейік!
Рыскен ӘБІШЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты