Қызылқоға ауданының Жангелдин ауылындағы қанды істі полиция жаңа белеске шығарды: қаза тапқан ерлі-зайыптының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевті халықаралық іздеуге жариялады полиция. Марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева хабар-ошарсыз кеткендердің тізіміне енгізілді.
Кім іздеуде?
Қылмысқа қатысты негізгі күдікке Сұлтан Сәрсемәлиев ілікті. Онымен бірге марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиева да іздестіріліп жатыр. Ақбаянды тергеу органы «хабар-ошарсыз кеткен» ретінде тіркеді.
Ресми мәлімет не дейді?
Халықаралық іздеу туралы егжей-тегжейін жариялай алмаймыз деді Атырау облысы ПД-ның баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. Іздеу әлемнің барлық елдері бойынша жүреді деп түсіндірді ол. Іздеуде жүргендерді ұстау үшін арнайы жедел-іздестіру топтарын құрды полиция. Күдіктілер қолға түскен жағдайда туыстар мен БАҚ ресми түрде хабардар етіледі деді департамент.
Телефон ізі мен қаржы қозғалысы
Тергеу жәбірленушілердің және отбасы мүшелерінің телефондары мен SIM-карталары әр түрлі уақытта елдің әр өңірінде тіркелгенін анықтады. Бұл қосымша іздеу шараларын күшейтуге негіз берді. Сондай-ақ бейнежазбаларды талдау арқылы жәбірленушілердің шоттарындағы зейнетақы жинағынан ақшаны қай жерде және кім алғаны нақтыланды.
Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бері өшірулі тұр деп хабарлады полиция. Қазіргі уақытта барлық телефондар мен SIM-карталарды іздеу жалғасып жатыр.
Қауесетке нүкте
Марқұмдардың үлкен қызы Мирагүл Қарабалинаның мәйіті табылды деген сөзді жоққа шығарды полиция. Септиктерден немесе шұңқырлардан мәйіт шықты деген хабарламалар шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді департамент. Мирагүлдің Атырау қаласында бейнебақылау камераларына түскені расталды, алайда нақты орындары тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.
Сараптама не көрсетті?
Әлеуметтік желідегі «тұншықтырды» деген жорамалдармен қатар өзге нұсқалар айтылып жатыр. Алайда марқұмдардың денелерінен пышақпен салынған жарақаттар анықталды деп хабарлады полиция. Дәл өлім себебі мен уақыты сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін нақтыланады.
Бұл істі қоғам сергек бақылап отыр. Ресми мәлімет шыққан сайын жаңалықпен бөлісіп отырамыз.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.