Таразда сардарлар мен сарбаздарға құрмет көрсетілді

/uploads/thumbnail/20190527132004908_small.jpg

Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, онда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ҚР Қарулы күштер сарбаздары мен ардагерлеріне құрмет көрсетті.  

Салтанатты сәтте  Бекболат Орынбеков еліміздің тыныштығын күзетіп, батыр бабалардан қалған ерлік атты мұраны төбемізге ту еткен барлық мереке иелеріне ізгі тілегін жеткізді.

 – Бұл – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелдегенін білдіретін айтулы мереке. Біз бұл күні Ұлы Отан соғысының қаһармандарына тағзым етіп, Ауғанстан отты жолдарынан өткен жауынгерлердің ерлігін есе аламыз. Еліміздің тыныштығын, халқымыздың амандығын қорғап жүрген ерлерімізді ұлықтаймыз. Осы сәтті пайдалана отырып әскери қызметшілерді, ардагерлерді және баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын!

Тарихқа көз салсақ, біздің халық – жауынгер. Ұлы дала төсіндегі ұлы елдің ұландары өз атамекендерін көздің қарашығындай қорғаған. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұланғайыр жерді жауға ешқашан бермеген. Бүгінгі күні бабаларымыздың мирасқа қалдырған жерінде егемен ел бар. Ол – Қазақстан. Сол қаһарман елдің ұлттық әскери күші бар. Ел тыныш болса береке мен бірлік орнайды, халық алаңсыз еңбек етіп, тыныш өмір сүреді, бейбіт елдің экономикасы өркендейді. Сондықтан да жер бетіндегі кез келген мемлекет өз Қарулы күштерінің қуатты, мықты болғанын қалайды. Бүгінде Тәуелсіздік күзетінде тұрған Қазақстанның Қарулы күштерінің айбары артып, қуаты үлкен күшке айналды. Біздің ұлттық әскеріміз ел тыныштығының сақшысы мен тұтастығының кепілі, Тәуелсіздіктің мығым тірегі болды. Әскер қатарындағы қызмет жастар үшін ерлік пен патриотизмнің тамаша мектебіне айналып отыр. Жаужүрек жауынгерлеріміз бен сарбаздарымыздың әуеде, жерде, теңізде ел тыныштығын күзетуде. Әскери борыштарын абыроймен атқарып келе жатыр. Біз өз армиямызды мақтан тұтамыз, –деді Бекболат Серікбекұлы.

Мерекелік шарада Жамбыл  облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Ерлан Жабықбаев, №81067 әскери бөлімінің командирі, подполковник Рамазан Кенжебаев және №81067 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Жақыпжан Тұраповқа облысы әкімінің  Құрмет грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев бірқатар ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлерін Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың қатарында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы басқармасы, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті  шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік басқармасы мен өңірдегі әскери бөлімдердің қызметкерлері бар.

Салтанатты шарада «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, полковник  Жүсіпов Асан құттықтау сөз сөйлеп, бұл  мереке  батырлық пен  табандылықтың,  отансүйгіштік  пен елге шексіз қызмет етудің нышаны екендігін тілге тиек етіп, келешек    ұрпаққа    дейін Отан  қорғаушылардың   қаһарман ерліктері    ұмытылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар ҚР Қарулы күштері саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарға төсбелгілер, мақтау қағаздармен марапаттады.

Бақыт Жалғас

Оставить комментарий

Связанные Статьи