Маңғыстау облысында 1 мамыр – Бірлік күні кең ауқымда аталып өтті. Мерекелік шара 5000 адамнан тұратын еңбек ұжымдарының шеруінен басталды. Ел бірлігін нағайтуға бағытталған шеруге әр саланың қоғам белсенділері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, ұлттық-мәдени бірлестік мүшелері, жастар, мұнайшылар, энергетиктер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері, дәрігерлер мен мұғалімдер, шағын және орта бизнес субьектілері, қаржыгерлер, спортшылар мен өнерпаздар атсалысты.
Қолдарына ынтымақ пен берекені ұлықтайтын қанатты сөздер жазылған транспаранттар мен жалаушалар бар қызметкер, түрлі-түсті шарлармен безендірілген арнайы техникалар мерекелік шеруді көркейте түсті.
Шеру аяқталысымен бас сахна-амфитеатрда «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» атты өлке шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертіне ұласты. Концертпен қатар алаңның басқа бөліктерінде түрлі спорттық шаралар, ұлттық тағамдар мен қолданбалы қолөнер бұйымдарының көрмесі, қала кәсіпкерлерінің мерекелік жәрмеңкесі жүріп жатты.
Аталған шараға Маңғыстау облысының әкімі тұрғындарды бірлік күнімен құттықтады.
«Бұл күн бірлік, татулық күні, әрқайсысымыз үшін ерекше қымбат мейрам. 1 мамыр – біздің миллиондаған отандастарымыздың жүрегінен айрықша орын тапқан, рухани дәстүрге айналған айтулы күн. Елдігіміз бен егемендігіміздің діңгегі, татулығымыз бен достығымыздың ұйытқысы, Отанымыздың тірегі болып отырған осы – бірлік пен ынтымақ, ағайын! Бірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы, шықпайтын шыңы, аспайтын асуы жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің тірегіміз - Тәуелсіздік, тілегіміз - Тұрақтылық, білегіміз - Бірлік!», -деген болатын. Расымен де, тәуелсіздік, тұрақтылық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Біздің көпұлтты еліміз бен көпэтносты қоғамымызды «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында жұмылдыруда, туған жерге деген патриотизм, сенім, достық құндылықтарының орнығуында Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының маңызы зор. Ассамблея – Тәуелсіздіктің жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен көріне білді. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тауып келеді», - деді облыс әкімі.
Сөз соңында өңір басшысы айтулы күнде маңғыстаулықтар мен қала қонақтарына дендеріне саулық, отбасыларына бақыт және мерекелік көңіл күй тіледі.
Оставить комментарий